Қазақстанда салық кодексі күшіне енген соң 300 мыңға жуық компания жабылады
Фото: Freepik / pressfoto
Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин Қазақстанда жаңа салық кодексі күшіне енеген соң бизнес жаппай жабылады деген болжамға қатысты ойын айтты.Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Журналистер вице-министрден Ұлттық экономика министрлігі кей сарапшылардың жаңа салық кдексаі күшіне енген соң бизнес жаппай жабылып, кейбір кәсіпкерлер өз қызметін Өзбекстанға көшіруі мүмкін деген болжамына дайын ба деп сұрады.
"Бизнес жабылады, бұл сөзсіз. Біз бұл туралы бірден айтқанбыз. Бірақ жабылатындар — дәл сол бөлшектенген бизнес. Енді бизнесің бөлшектенуіне құқықтық негіз де, мүмкіндік те болмайды. Сондықтан иә, шамамен 300 мың компания жабылады деп алдын ала есептеп отырмыз. Өйткені олардың құрылуының енді мәні жоқ, жаңа жағдайда тиімдірек шарттар жасалады", – деді Амрин.
Оның айтуынша, жаңа салық реформасы бизнес құрылымын бөлшектеуге жол бермейді.
"Бұрын не болып еді және неге реформа қажет болды? Бір салық төлеуші өз қызметкерлерінің атына бірнеше компания ашып, бірдей табыстар көрсететін жағдайлар көп болды. Яғни, бизнесті жасанды түрде ұсақ компанияларға бөлу болды.
Басқа жағдайларда кәсіпкерлер ҚҚС шегіне дейін табыс жинап, содан кейін жаңа компания ашатын. Мысалы, табысы 83 млн теңгеге жеткенде жаңа заңды тұлға тіркеп, салықтан жалтарып отырды.
Енді жаңа ережелер бойынша жалпы айналым 2 млрд 350 млн теңгеге дейін болса, компания ҚҚС төлеуші болып табылмайды. Демек, енді бірнеше компания ашудың қажеті жоқ — бәрін бір компанияға біріктіріп жұмыс істеуге болады", – деп түсіндірді ол.
Еске сала кетсек, биыл наурыз айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев салықтан жалтару мақсатында бизнесті бөлшектеу тәжірибесін сынға алып, бұл мәселеге Үкімет пен Парламенттің назарын аударған болатын.
Содан кейін хабарланғандай, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда жаңа Салық кодексі күшіне енеді. Оның аясында үш жаңа арнайы салық режимі енгізіліп, кейбір ескі режимдер жойылады.
Өзгерістер жеке кәсіпкерлерге, шағын және орта бизнеске, сондай-ақ ірі компаниялар мен қаржы институттарына әсер етпек.

Қазақстан қалаларында қоғамдық көлікпен жүру құны қанша
