Қазақстанда 2027 жылға дейін жаңа квазимемлекеттік компанияларды құруға тыйым салынды
Қазақстанда жаңа квазимемлекеттік сектор субъектілерін құруға мораторий енгізілді. Ол 2026 жылдың 31 желтоқсанына дейін күшінде болады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Pixabay.com
Құжатқа сәйкес, мораторийдің енгізілуі бәсекелестікті қорғау және монополистік қызметке жол бермеу мақсатында квазимемлекеттік секторды одан әрі кеңейтуді шектеу қажеттігіне байланысты. Бірақ бірнеше жағдайда ондай компанияларды құруға мүмкіндік бар:
- "Заңсыз иемденген активтерді мемлекетке қайтару туралы" заңды орындау қажеттігі;
- Қазақстан президентінің тапсырмасы бойынша ерекше жағдайларда.
Қаулы 21 тамыздан бастап күшіне енді.
Мораторий құрылтайшысы, қатысушысы немесе акционері мемлекеттік болып саналатын барлық мемлекеттік кәсіпорындарды, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерді, акционерлік қоғамдарды, оның ішінде ұлттық басқарушы холдингтерді, ұлттық холдингтерді және ұлттық компанияларды қамтиды.
Сондай-ақ Қазақстанның заңнамалық актілеріне сәйкес еншілес, тәуелді және мемлекеттік органдарға тәуелді өзге де заңды тұлғалар шектеуге жатады.
Мораторий енгізуді бекітетін құжат күшіне енді және міндетті.
Айта кетейік, бұған дейін cенат отырысында жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов квазимемлекеттік сектор субъектілері 2023 жылы республикалық бюджеттен 1,2 трлн теңгеге жуық қаржы алғанын айтқан еді.