Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда 2026 жылдан бастап зейнетақы мен әлеуметтік төлемдер 10% өседі

Ұлттық экономика министрі Серік Жұмангарин халықтың әл-ауқатын арттыру үкіметтің басым бағыттарының бірі екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

2025 жылы әлеуметтік шығындарға бөлінген бюджет 6 трлн теңге болса, 2026 жылы ол 6,8 трлн теңгеге ұлғайтылады, яғни қосымша 887 млрд теңге қарастырылған.

"Бұл қаржы неге жұмсалады? Зейнетақы мен әлеуметтік төлемдер 10%-ға өседі. 2025 жылы өсім 8,5% болған. 2026 жылғы бюджеттің тек зейнетақы мен әлеуметтік төлемдерге арналған бөлігі 636 млрд теңгеге тең. Жақында Ұлттық банкпен бірлесіп бағдарлама әзірленді. Онда тек зейнетақы мен төлемдер ғана емес, шағын және орта бизнесті қолдау, сондай-ақ қайта даярлау бағдарламалары арқылы жұмыспен қамтуды арттыру көзделген", – деді министр.

Сонымен қатар Жұмангарин әлеуметтік әл-ауқатты арттыру үшін әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасына қатаң бақылау, денсаулық сақтау мен коммуналдық қызметтердің сапасын жақсарту, сондай-ақ халықтың шығындарын азайтатын түрлі монетарлық емес қолдау шаралары қарастырылғанын атап өтті.

Еңбекақыға келетін болсақ, министрдің айтуынша, бірнеше жылдан бері ол ЖІӨ құрылымында 31%-ды құрайды. Бұл еңбекақы ЖІӨ өсімімен сәйкес өсіп келе жатқанын көрсетеді, ал Қазақстанның ЖІӨ-і жақсы қарқынмен артып келеді.



"Биыл біз алғаш рет ЖІӨ бойынша 300 млрд АҚШ долларынан асамыз деп үміттенемін. Мүмкін, халықтың бір адамға шаққандағы табысы 15 мың доллар шегіне жетеді. Бұл  оң көрсеткіштер", – деп түйіндеді министр.

Рая Мінәп
Сейсенбі, 23 Желтоқсан, 2025 14:44