Қазақстанда ипотекадағы шекті сыйақы мөлшерлемесі кепіл құнына қарай өзгермек
Фото: РИА Новости/Нина Зотина
Қазақстанда 2026 жылғы 1 шілдеден бастап ипотекалық несие бойынша жылдық сыйақы мөлшерлемесінің шекті деңгейін LTV көрсеткішіне (несие сомасының кепіл мүлкі құнына қатынасы) байланыстыру мәселесі қарастырылмақ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов ипотекадағы жаңа механизмнің қалай жұмыс істейтінін түсіндірді.
Оның айтуынша, қазір ипотека бойынша шекті мөлшерлеме 25% деңгейінде сақталып отыр. Бұған қазан айында базалық мөлшерлеменің өсуі әсер еткен.
"Енді біз бұл шекті мөлшерлемені "25%-дан жоғары не төмен" деп қана емес, ипотеканың қандай шарттармен алынатынын ескеріп есептейміз. Әр адамның жалпы кредиттік жүктемесін дұрыс анықтау маңызды. Қазіргі әдістеме тым қарапайым. Сондықтан 1 шілдеге дейін жаңа әдістемені әзірлейміз", – деді Ұлттық банк төрағасы.
Тимур Сүлейменов біреулер 20% бастапқы жарнамен 15 жылға ипотека алса, енді біреулер 80% бастапқы жарнамен 5 жылға алады деп мысалға келтірді. Бұл екі несиенің тәуекел деңгейі мүлде бөлек.
"Мысалы, мен 20 миллион теңгелік пәтер алғым келеді делік. Қазір 15 миллионын төлеп, қалғанын 5 жылға рәсімдеймін. Бұл мен үшін де, банк үшін де төмен тәуекелді несие. Сондықтан мұндай жағдайда мөлшерлеме тәуекелге қарай есептелуі мүмкін. Жаңа әдістеме осы факторларды ескереді", – деп түсіндірді ол.
Жаңа жүйеде бастапқы жарнаның көлемі, несиенің мерзімі сияқты көрсеткіштер LTV аясында бағаланбақ. Толық техникалық құжаттар әдістеме дайын болғаннан кейін жарияланады.
24 қарашадан бастап қазақстандықтарға кепілсіз несие алуға шектеу қойылады
Депутат қазақстандықтардың заңсыз алынған кредиттерін есептен шығару туралы ұсыныс жасады
Еске салайық, бұған дейін мәжіліс отырысында депутат Мұрат Әбенов қашықтан сәйкестендіру жүйесінің қауіпсіздігіне қатысты мәселе көтеріп, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінен бірыңғай биометриялық инфрақұрылым құруды және банктерге эталондық мәліметтер базасына қолжетімділік беруді талап етті. Оның айтуынша, мұндай жүйе болмағандықтан, азаматтарды биометрия арқылы анықтау алаяқтарға ыңғайлы болып отыр.
"Біреулер көрсін, гей болсын демейміз": Қазақстандықтар желіде ЛГБТ насихатына тыйым салу туралы заңды қызу талқылап жатыр