Қазақстанда 2025 жылы 217 "жайлы мектеп" ашылмақ
Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылдың соңына дейін заманауи үлгідегі 217 мектеп пайдалануға берілетінін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қазіргі таңда "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр. Соның аясында 2025 жылдың соңына дейін заманауи үлгідегі 217 мектеп пайдалануға берілмек. Мұны "Самұрық-Қазына" қоры қадағалап отыр.
“Үкімет пен әкімдер бұл шаруаға белсене атсалысуға тиіс. Депутаттар да ортақ істен шет қалмайды деп ойлаймын. Үкімет жайлы мектептерді арнайы басқару жүйесін енгізуді ойластыруы керек. Сонымен бірге еліміздегі 1300 мектепке күрделі жөндеу жүргізу қажет. Үкімет әкімдермен бірге оны қаржыландыру көздерін анықтап, соның ішінде демеушілерден де қаражат тартып, 3 жыл ішінде бұл мектептерді толық жаңартуы керек”, – деді Тоқаев жолдауында.
Мемлекет жекеменшік мектептерге де қаржы бөледі екен. Мысалы, 250 мыңнан астам бала оқитын жекеменшік мектептерге биыл 134 миллиард теңге бөлініпті.
“Ата-аналар мемлекеттің жеке меншік мектептерге нақты көмек беріп жатқанын білуге тиіс. Осыған орай әр балаға норматив бойынша бөлінген қаражат көрсетіліп тұруы қажет. Сонда азаматтарымыз әлеуметтік бағдарламаларға бөлініп жатқан қаржы туралы шынайы ақпараттан хабардар болады”, – деді ол.