Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтардың мобильді аударымдарын бақылау: Жаңа түзетулер қыркүйектен бастап күшіне енеді

Фото: Life

Қазақстанда қыркүйектен бастап мобильді аударымдарды тексерудің жаңа шарттары күшіне енеді. Оның негізінде 3 ай ішінде 1 миллион теңгеден асқан аударымдар назарға ілігеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қаржы вице-министрі Ержан Біржановтың айтуынша, екі айдан кейін мобильді аударымдар "жаңа әдіспен" тексеріледі.

"Қазір мобильді аударымдарды тексеру бойынша ақпарат алып отырмыз. Бұған дейін басқа шарттар қолданылған. Енді үшінші шартты енгізетін бұйрық та дайын. Ол бүгін қабылданған (салық салуға қатысты) заң жобасынан кейін күшіне енуі керек еді. Заң қабылданды, енді 60 күн ішінде күшіне енеді. Соған сәйкес, біз нормативтік құжатты қабылдап, жұмысқа кірісеміз. Жаңа тәртіп қыркүйектен бастап іске қосылады", – деді Ержан Біржанов.

Вице-министр “туыстар арасындағы аударымдар тексеріле ме?” деген сауалға жауап берді. Біржановтың сөзінше, үш айда ақша аударатын 100 түрлі адам болуы керек.



“Егер ақшаны, ата-ана мен бала бір-біріне аударса, онда сома маңызды емес. Ешқандай тексеріс болмайды. Мәселен, анасы қызына, әкесі баласына не бауырлар бір-біріне ақша жіберсе бұл жағдайларда сұрақ туындамайды. Тіпті аударым сомасы 1-2 миллион теңге болса, мұны туыстар бір-біріне аударса ол тексерілмейді. Барлық шарттар бір мезетте орындалуы керек, яғни тексеріс жүргізілуі үшін үш критерий де қатар келуі тиіс. Бірінші шарт: ақша жіберушілер 100 түрлі адам болуы керек. Екі не он адам бір-біріне ақша аударса бұл тексеруге жатпайды. Сізге жыл сайын ақша жіберетін 100 туысыңыз болуы екіталай. Сондықтан бұл шарт сізге қатысты емес. Екінші шарт: осы 100 адам үш ай қатарынан бір адамға ақша аударуы керек. Үшінші шарт: жалпы аударым сомасы 1 миллион теңгеден асуы керек”, – деді Біржанов. 

Айта кетейік, бұған дейін Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбейіл үкіметтегі брифингте "Туыстардан түскен аударымдар 1 миллион теңгеден асып кеткен жағдайда мұндай аударымдар тексеріле ме?" деген сұраққа жауап берген еді. Қазақстанда мобильді аударымдарды тексерудің ең төменгі шегі көтерілгені туралы жазған.

Жұмаділлә Нұрила
Сәрсенбі, 25 Маусым, 2025 14:12
Талқылау