Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда 10 жастағы бала соңғы үш жыл бойы ұйықтай алмай келеді

Видеодан скрин

Қызылордада 10 жастағы Әлинұр Рахым есімді бала соңғы үш жыл бойы ұйықтамай келеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Еуразия арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Баланың отбасы дәрігерлерге бірнеше рет жүгінсе де, жергілікті мамандар балаға нақты диагноз қоя алмай отыр. Ал қолданылған стандартты емдеу тәсілдері нәтиже бермеген.

Баланың ата-анасының айтуынша, бала түндерін көзі ашық күйде өткізеді, кейде өз-өзімен сөйлеседі және тек таңға жуық аз уақытқа ғана көз іледі екен. 

Әлинұрдың анасы Айнаш Қайыпбаеваның жергілікті дәрігерлер ұлының жағдайын оның мінез-құлқымен байланыстырып, нейролептик дәрілер тағайындағанын айтады. Алайда бұл препараттар күткен нәтижені бермеген, бала әлі де ұйықтамайды

"Кейде ауа жетпей қалады, кейде мойным ауырады", – дейді Әлинұр.

Тіпті бүлдіршін анасы жыламасын деп, өзін ұйықтап жатқандай етіп көрсетуге дайын екенін де айтқан.

Қызылордада балалардың ұйқы бұзылыстарын зерттейтін сомнолог мамандардың болмауы жағдайды күрделендіріп отыр. Баланың анасы ұлын Астанадағы клиникаларға тексеруге жіберуді сұраса да, жергілікті дәрігерлер нақты диагноздың болмауына байланысты жолдама беруден бас тартқан. 

Ташкент қаласындағы дәрігерлер баланың созылмалы гипоксиясы болуы мүмкін деген болжам айтқан. Алайда мұны тұрғылықты жерде растау мүмкін болмай отыр. Қазір қолданылған дәрі-дәрмектер әсер етпей қалған, ал жан-жақты тексеруден өтуге мүмкіндік жоқ.

Анасы ұлын құтқаруға бар күш-жігері мен қаражатын жұмылдыру үшін сал ауруына шалдыққан қызының емін тоқтатуға мәжбүр болған.

Айнаш Қайыпбаева ұлына нақты диагноз қойылып, тиісті ем алу үшін күресін жалғастырып келеді. Ана ұлындағы ұйқысыздықтың себебін анықтап, тиімді ем ұсына алатын мамандардың көмегіне үміт артады.

“Не істерімді білмеймін. Астанада сомнологтар бар, бірақ бізді ол жаққа жібермейді. Осынша уақыт өтті…”, – дейді ана.
Дана Русланқызы
Жұма, 20 Ақпан, 2026 22:10