Қазақстан жастар құрамасы гандболдан Азия біріншілігінің жартылай финалына шықты
Фото: Қазақстан гандбол федерациясы
Қытайдың Цзинганшань қаласында өтіп жатқан 2025 жылғы Азия чемпионатында Қазақстанның жасөспірімдерден құралған әйелдер гандбол құрамасы үздік төрттікке енді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Топтық кезеңнің соңғы турында отандастарымыз Гонконг құрамасына қарсы алаңға шығып, 44:18 есебімен сенімді жеңіске жетті. Бұл табыс Қазақстан құрамасының жартылай финалға жолдама алуына мүмкіндік берді.
Сол топтағы тағы бір ойында Қытай құрамасы Қытайлық Тайбэйден 33:16 есебімен басым түсті. Осы нәтижеден кейін Қытай 6 ұпаймен топта көш бастаса, 4 ұпай жинаған Қазақстан екінші орынға тұрақтады. Қытайлық Тайбэйдің еншісінде 2 ұпай, ал Гонконг құрамасы ұпайсыз қалды.
Жартылай финал кезеңінде қазақстандық гандболшылар В тобында үш ойында да жеңіске жеткен Жапония құрамасымен кездеседі. Ал екінші жұпта Қытай мен Оңтүстік Корея құрамалары финалға шығу үшін таласады.
Айта кетейік, Азия чемпионатының қорытындысы бойынша алғашқы бес орын алған командалар 2026 жылы өтетін жастар арасындағы әлем чемпионатына қатысу құқығына ие болады. Осы орайда, Қазақстан құрамасы әлемдік додаға қатысуды алдын ала қамтамасыз етіп отыр.
Еске салайық, Қытайдың Цзинганшань қаласында өтіп жатқан жастар арасындағы әйелдер гандболынан Азия чемпионатына сегіз ұлттық құрама қатысып жатыр. А тобына Қытай, Қазақстан, Гонконг және Қытайлық Тайбэй енсе, В тобында Жапония, Оңтүстік Корея, Иран және Үндістан құрамалары бақ сынауда.

Қазақстандық қыз АҚШ-қа оқуға барып, жүкті екенін білді: Ол қолындағы баласымен Йель университетін бітіріп, Стэнфордқа түскен
