Қазақстан жасөспірімдер құрамасы бокстан Азия чемпионатында екінші алтын медальға қол жеткізді
Фото: instagram.com/boxingkazakhstan
Қазақстандық боксшы Расул Асанханов Азия чемпионатының финалында жеңіске жетіп, ерлер жасөспірімдер құрамасына жалғыз алтын медаль сыйлады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Таиланд астанасы Бангкокта жаңа халықаралық федерация – World Boxing ұйымдастырған жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионаты аяқталды. Қазақстан құрамасы жарыстың соңғы күнінде екінші алтын жүлдені жеңіп алды.
Бұл жетістікке 90 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Расул Асанханов қол жеткізді. Финалда ол үндістандық Хемант Сангванмен кездесіп, төрешілердің бөлек шешімімен жеңіске жетті. Бұл медаль – 19 жасқа дейінгі ерлерден құралған Қазақстан жасөспірімдер командасының жалғыз алтыны болды.
Сонымен қатар, қазақстандық боксшылар төрт күміс медаль еншіледі. Олардың қатарында 60 келіге дейінгі салмақта Әділет Тортубек, 70 келіде Бейбарыс Әшірбай, 80 келіде Тимур Тайбеков және 85 келіге дейінгі салмақта Нұрсұлтан Қыстаубай бар.
Айта кетейік, бұған дейін осы жарыста Қазақстанның 19 жасқа дейінгі қыздар құрамасының спортшысы Құралай Егінбайқызы ел қоржынына алғашқы алтын жүлдені салған еді.

Қай өңірлер қыста жылусыз қалуы мүмкін: Қазақстанда 10 ЖЭО әлі де "қызыл" аймақта
