Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан жасанды интелектіні экономика секторларына біртіндеп енгізбек

Астанада Industrial AI Accelerator бағдарламасы аясында үздік жасанды интеллект (ЖИ) жобалары анықталды.

Аталған бағдарлама Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің бастамасы бойынша "Инновациялық технологиялар паркі" автономды кластерлік қорының Алматы филиалы мен Жасанды интеллект және инновациялық даму комитетімен бірлесіп әзірленген. Ол жасанды интеллектіні дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасы шеңберінде іске асып жатыр. Ол 4 құрамдас бөліктен тұрады:

  • AI шешімдерін енгізу және масштабтау. Акселератор алдымен қолданбалы AI шешімдерін дамытуға, оларды энергетика, өңдеуші өнеркәсіп, қаржы, медицина және тағы басқа негізгі салаларда енгізуге септігін тигізеді;
  • Бағдарлама аясында біз экономиканың негізгі салаларына 25 пилоттық жобаны іске қосуды көздеп отырмыз. Болашақта халықаралық аренада AI шешімдерінің ұлттық каталогын құруды мақсат еттік;
  • Адам капиталын дамыту. Сондықтан акселерациялық бағдарлама аясында ЖИ саласындағы мамандардың біліктілігін арттыру үшін көптеген әдістемелік сессияны ұйымдастырамыз;
  • Ғылыми зерттеулер мен инновацияға көмектесу. Акселератор ғылыми зерттеуді және қолданбалы AI шешімдерін дамытуды ынталандырады. Бұл жасанды интеллектіні дамыту тұжырымдамасындағы мақсаттарға қолжеткізуге мүмкіндік береді. 

Іс-шараны ұйымдастырушылардың айтуынша, Industrial AI Accelerator-ға қатысу үшін 6 елден  118 өтінім түскен. AI шешімдер бойынша 44 сұхбат жүргізілген. Нәтижесінде 36 компания акселераторға іріктеліп алынды. Кейін 11 пилоттық жоба іске асырыла бастады. 

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібінің министрі Жаслан Мәдиев бұл жобалар еліміз үшін маңызды екенін, ЖИ экономика секторларына біртіндеп енгізілетінін атап өтті.

"Бүгінде жасанды интеллектіні дамыту өте маңызды, сондықтан оған басымдық беріліп отыр. Акселерациялық  бағдарламаның (Industrial AI Accelerator) бұл әдісі экономиканың әртүрлі секторында нақты нәтижені тез көрсету үшін таңдалды.  Біріншіден, сіздерге алғыс айтамын. Екіншіден, сіздерге үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Себебі, осы жобалар арқылы экономика секторларына жасанды интеллектіні енгізу қаншалықты тиімді екені бағаланады. Үшіншіден, сіздер жинаған тәжірибені тек жергілікті деңгейде емес, халықаралық деңгейде пайдалана аласыздар", – деді министр Astana Hub халықаралық технопаркінде.

"Инновациялық технологиялар паркі" автономды кластерлік қорының алматылық филиалының инновацияларды дамыту департаментінің басшысы Дарина Мамырова Industrial AI Accelerator не үшін қажет екенін түсіндірді.

"Бүгінгі Demo Day іске қосылған пилоттық жобалардың көрмесі ғана емес, бұл мемлекеттік органдардың, жеке сектордың және ғылыми-технологиялық қоғамдастықтың мүддесін біріктіретін әрі жұмыстың нәтижесін көрсететін іс-шара. Осы бастаманың көмегімен біз өндірістік сектор мен талантты әзірлеушілер арасында байланыс орнатамыз. Осылайша, олар әртүрлі мәселені бірлесіп шешуге жәненегізгі салалардың тиімділігін арттыруға ынталандырамыз", – деді жетекші.

Industrial AI Accelerator бағдарламасының үздіктері

RedFlags компаниясының өкілі Диас Баймұханов cатып алу саласында автоматтандырылған талдауды енгізу арқылы уақыт пен қаржыны үнемдеуге болатынын айтты. 

"Салада жұмыс істеп жүргенімізге 6 жылдан асты. Жыл сайын біз 12 трлн теңгеден астамсатып алуды талдаймыз. Барлық клиентіміздің арасында расталған экономикалық нәтиже 37 млрд теңгеденасады. Transparency International есебінше, Қазақстан 2002 жылдан бастап ЖІӨ-нің шамамен 12%-ы тек сатып алуларға жұмсайды. Оның 20% ы тиімсіз саналады және шығын әкеледі. Түсінікті тілде айтайын, бұл жыл сайын 100 мектеп салып, 100 мың оқушыны оқытқанмен бірдей. Көптеген зат сатып аламыз. Мәселеге тереңірек қарасақ, бұл – жыл сайын 18 мың тапсырыс беруші, 80 мыңнан аса жеткізуші, млн пункттан тұратын жоспар. Бұның бәрін тексере алмаймыз. Сондықтан жасанды интелектінің көмегін пайдалануға тура келеді", – деді ол.

Диас Баймұханов компания бұл мәселені шешу үшін RedFlags AI бағдарламасы әзірленгенін жеткізді.

"Деректерді күн сайын жаңартып отырамыз. Ол –10-нан астам дереккөзден тұратын 100 млн. жазба. Бұл –мемлекеттік сатып алулар, "Самұрық Қазына" әл-ауқат қорының сатып алулары, заңды тұлғалар туралы мәліметтер, шығу тегі туралы сертификаттар, салықтар, айыппұлдар және тағы басқалар. Industrial AI аясында біз бірнеше пилоттық жобаны іске қостық. Оларды "Қазақстандық коммуналдық жүйелері" және KEGOC компанияларында іске асырып жатырмыз", – деді ол.

Оның айтуынша, бүгінде компания "Қазақтелеком" АҚ-мен бірлесіп, жоба әзірлеген.

"Қазір құралды енгіздік. Әрине, оны жетілдіру керек. Нәтижесінде қолмен істелетін жұмыстың 60%-ын, 4 мың жеткізушінің коммерциялық ұсыныстарын жинауды автоматтандырдық. ЖИ-дің көмегімен сатып алуда 60% уақытыңызды үнемдеп, бюджет қаржысының 10% үнемдеуге болады", – деді Диас Баймұханов.

Sherlock AI компанияның өкілі Әлібек Полатов қандай бағдарлама жасағанын айтып берді.

"McKinsey мәліметінше, қызметкерлер жұмыс уақытының 10%-ын ақпаратты іздеуге, оны өңдеуге жұмсайды. Қазақстанда бұл 8,8 млн сағатты алады. Бұл өнімділікті төмендетеді, қате жіберу қаупін арттырады. Әсіресе, өнеркәсіпте. Онда AI шешімдер арқылы апат дерегін азайтуға, жабдықтың тиімділігін арттыруға, көптеген пайдаланушыға қызмет көрсетуге болады. Сондықтан біз Sherlock AI шешімінұсынамыз", – деді ол.

Оның айтуынша, аталған IT-өнім – қызметкерлердің жұмысын жеңілдететін, қолмен жасалатын істі автоматтандырып, жұмыстың сапасы мен дәлдігін арттыруға мүмкіндік беретін, AI-көмекшілерді құруға арналған қазақстандық платформа.

Әлібек Полатов Sherlock AI-дің қалай жұмыс істейтінін түсіндірді. 

"Қызметкер AI көмекшісіне сұрақ қойып, файлдарды тіркей алады әрі көмекші сұранысты өңдейді, интеграция арқылы корпоративті білім базасына, модельдерге қосылады және қызмет көрсетеді. Өнім бизнесті жүргізуге қалай көмектеседі? Ақпаратты іздеу жылдамдығы 100 есе артады және корпоративті білім базасы нәтижесінде қателер 99%-ға дейін төмендейді. Күнделікті тапсырмаларды автоматтандыру арқылы уақытты 20%-ға дейін үнемдейміз. Сондай-ақ шешім қабылдау жылдамдығы артады, команданың жұмысы жақсарады, компанияның беделі артады әрі компания ақша үнемдеп, қателік жіберу қаупі төмендейді", – деді Sherlock AI өкілі.

Бүгінде бұл бағдарламаға 5 компания қызығушылық танытқан, ал 3 компаниямен пилоттық жобаны іске асыру бойынша келісімге қол қойылған.

AICA компаниясының өкілі Нұрлан Жүнісов ЖИ базасында коммуникациялық деректерді (қоңыраулар, хабарламалар, өтініштер) өңдейтін бағдарлама әзірлегенін айтты. 

"Біз – қазақстандық стартаппыз, Astana Hub бағдарламасының қатысушысымыз. Open-source-ті пайдаланамыз және оны толық локализациялаймыз. Бізде жергілікті әзірлеушілер бар, ұсынылатын қызметтің бағасы төмен, бағдарламаға қазақ тілін де енгіздік. Бүгінде өзіміз әзірлеген шешімдер де бар. Олар – транскрибация, сөйлеуді және телефон қоңырауларын талдау", - деді ол.

Жаңа IT-өнім жұмысты жеңілдетіп, еңбек өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді. 

"Жыл сайын компаниялар, мемлекеттік органдар, сервистік компаниялар, коммуналдық қызметтерге млн-даған қоңырау түседі. Алайда осы деректердің 98%-ы талданбайды. Қазір архивтерде, виртуалды АТС, сервистік жүйелерде сақталатын деректерді өңдеуге 100 мың сағат керек. Деректер өңделмегендіктен олар жоғалады. Мұнда жұмыс процесінің нәтижесі де болмайды деген сөз. AICA сақталған және жазылған жазбаларды өңдеуге мүмкіндік береді. Біз мәліметтерді талдап бағалаймыз. Осылайша, жұмыстың сапасынан арттыруға есеп пен ұсыныс әзірлейміз. Бұл бизнес-процесс пен көрсеткіштің жақсаруына әкеледі", – деді Нұрлан Жүнісов. 

Іс-шараның соңында министр Жаслан Мәдиев жобалары үздік деп танылған қатысушыларға сертификат табыстады.

Бастаманың ұйымдастырушылары – Қазақстан Республикасы Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің AI комитетінің қолдауымен ”Инновациялық технологиялар паркі” Автономды кластерлік қорының Алматы филиалы.

STAN.KZ
Дүйсенбі, 30 Желтоқсан, 2024 12:28
Талқылау