Қазақстан ұшақтары Таяу Шығысқа баруға тыйым салынғанына қарамастан ұшып жатыр – Сыртқы істер министрлігі
Фото: pixabay.com
Таяу Шығыстағы қақтығыс аясында қазақстандық әуекомпаниялардың ұшуларына қатысты жағдайды сыртқы істер министрлігі түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров туризм және спорт министрлігінің Таяу Шығыс аймағындағы бірқатар елдердің әуе кеңістігіне және оның маңына ұшуға тыйым салынғаны туралы үндеуін еске салды. Бұл тізімге Иран, Израиль, Сирия, Ирак, Иордания және Ливан елдері кіреді.
"Туристерге жағдайдың қалай өрбитінін мұқият қадағалап отыру және сапарды жоспарлау кезінде ықтимал тәуекелдерді ескеру ұсынылады, әсіресе, БАӘ мен Парсы шығанағындағы басқа елдерге қатысты. Қажет болған жағдайда, қазақстандық туристерді елге қайтару "Туристік Қамқор" қоры мен әуекомпаниялармен бірлесіп ұйымдастырылады", – деді ол.
Дегенмен Смадияров мемлекеттік органдардың ескертулеріне қарамастан, Қазақстаннан БАӘ-ге ұшақтар толық жүктемемен ұшып отырғанын атап өтті.
"Мемлекеттік органдардың ескертулеріне қарамастан, соңғы екі күнде Қазақстаннан Біріккен Араб Әмірліктері бағытында ұшақтар толық жүктемемен ұшты. Таяу Шығыс елдеріне сапар шегу кезінде барлық қауіп-қатерді мұқият таразылап, саналы шешім қабылдауды тағы да сұраймыз", – деді СІМ ресми өкілі.
Қазір сыртқы істер министрлігі Туризм және спорт министрлігімен, "Туристік Қамқор" қорымен және әуетасымалдаушылармен бірлесіп, шетелдегі Қазақстан азаматтарына көмек көрсету жұмыстарын үйлестіруді жалғастырып жатыр.
Қазақстандықтар Ираннан Түркіменстанға қашып кеткен
Еске салайық, бұған дейін 300 қазақстандық Израиль-Иран қақтығысына байланысты БАӘ-де қалып қойғанын жазған едік. Айбек Смадияров азаматтарымыздың арасында қаза болғандар мен жараланғандар жоқ екенін айтты. Министрлік өкілі Иран мен Израильдегі Қазақстан азаматтарын күшейтілген қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырды.

Маңғыстауда тұрғындардың үйлерін, көшелерін қоңыз басты: Аумақтық инспекция жәндіктермен күресті халықтың өзіне қалдырды (видео)
