Қазақстан ұлттық спортты дамытуға 6 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлген
Туризм министрлігі 2024 жылы ұлттық спорт түрлерін дамытуға жергілікті бюджеттен 4,8 миллиард теңге, республикалық бюджеттен 1,2 миллиард теңге бөлінгенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Kazinform
Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаевтың айтуынша, елімізде ұлттық спорттың 11 түрі ресми тіркелген.
Статистикаға сүйенсек, 2024 жылдың соңына қарай Қазақстанда 700 мыңға жуық адам ұлттық спорт түрлерімен тұрақты түрде айналысады. Оларда 1700 жаттықтырушы жұмыс істейді. Оның мыңы ауылдық жерлерде. Елімізде 17 мамандандырылған спорт клубы, 15 спорт мектебі және бір республикалық дирекция жұмыс істейді.
“Ұлттық спорт түрлерін республикалық деңгейде дамыту мақсатында Қазақстанның Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы жұмыс істейді. Қауымдастыққа ұлттық спорт түрлерінен 10 федерация кіреді”, – деді Серік Жарасбаев.
Сондай-ақ ол Еркебұлан Ілиясов Қауымдастықтың президенті болғанын айтты.
Айта кетейік, бұған дейін Маңғыстауда ұлттық спорт орталығының бухгалтері 117 миллион теңге жымқырғаны туралы жазған едік.