"Қазақстан үш жылда нағыз цифрлық ел болуы керек": Тоқаев ЖИ-ді бейбіт мақсатта қолдануға шақырды
Фото: Ақорда
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Digital Bridge 2025 халықаралық форумында жасанды интелекттің маңыздылығына тоқтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Тоқаев ЖИ-ді қауіп төндіретін жобаларға, шабуыл үшін қолданбауға шақырды.
"Отыз жылдан астам уақыт бұрын Қазақстан бейбітшілік пен қауіпсіздік жолын таңдап, ядролық қарудан өз еркімен бас тартты. Бүгінде еліміз жасанды интеллект бейбіт мақсатта ғана қолданылуға тиіс деп батыл түрде мәлімдейді. Оның әскери салада, кибершабуылдарға және халықаралық тұрақтылыққа қатер төндіретін жобаларда пайдаланылуына жол беруге болмайды”, – деді ел басшысы.
Ол БҰҰ Бас Ассамблеясының таяуда өткен сессиясында Қазақстанның жасанды интеллектіні басқару жөніндегі жаһандық диалог жұмысына атсалысуға дайын екенін растады. Ол Қытайдың ЖИ саласындағы жаһандық ынтымақтастық ұйымын құру туралы ұсынысын қолдады. “Мен биыл халыққа жолдауымды цифрландыру және жасанды интеллект мәселесіне арнадым. Біз алдымызға нақты мақсат қойдық. Қазақстан үш жыл ішінде нағыз цифрлық ел болуы керек. Бұл – өте ауқымды міндет. Сондықтан біз қазір еліміздің біртұтас цифрлық экожүйесін құру ісімен белсенді түрде айналысып жатырмыз. Форумның жаңа бағдары халықаралық ынтымақтастыққа тың серпін беріп, жасанды интеллектіні халқымыздың игілігі жолында тиімді пайдалануға септігін тигізеді", – деді ол. Сөзінше, жасанды интеллект бүгінде адамзат өмірінің мәнін қайта саралауға мәжбүрлеп отыр.“Инженерлер мен басқа да кәсіп иелерін, сондай-ақ осы технологияның мәні мен даму беталысын пайымдай алатын гуманитарлық сала мамандарының жаңа буынын тәрбиелеп шығаруымыз керек. Жасанды интеллектіде түрлі қоғамның болмыс-бітімі, дәстүрі, құқықтық нормалары мен адамгершілік қағидалары көрініс табуға тиіс. Сондықтан оны дамытуға философтар, әлеуметтанушылар және заңгерлердің атсалысатынына сенімдімін. Технология әлеуметтік теңсіздікті ушықтырмауы, азаматтардың мінез-құлқы мен таңдауына манипуляция жасамауы керек. Ол үшін тиімді шаралар қабылдауымыз қажет. Артықшылыққа ие топтар алгоритмдерді пайдаланып, әлдебір құндылықтар мен ойлау моделін қоғамға таңуы ықтимал. Оған жол беруге болмайды. Бұл әлемнің мәдени әралуандығына қиянат жасау болып саналады”, – деді Тоқаев
Айтуынша, технология таңдаулыларға ғана емес, баршаға қызмет етуге тиіс.

"443 мың теңге айыппұл”: Қазақстандықтар екі-үш жерде жұмыс істесе қандай жауапкершілікке тартылады
