Қазақстан төтенше жағдай кезінде түркі елдерінің көмегі үшін жылына 50 мың доллар төлейді

Сенат жалпы отырысында “Азаматтық қорғау тетігін құру туралы келісім ратификациялау”заңын мақұлдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
"Келісімді ратификациялау қатысушы мемлекеттердің азаматтардың өмірін сақтап қалу және олардың мүлкін қорғау, медициналық және гуманитарлық көмек көрсету, сондай-ақ табиғи және техногендік апаттардың туындау қаупін бақылау мен талдау мәселелерінде күш біріктіруіне мүмкіндік береді", – деді сенатор Андрей Лукин.
Оның айтуынша, құжат азаматтық қорғау тетігін басқарудың әкімшілік құрылымын құруды қарастырады. Жоғары орган ретінде жылына кемінде бір рет жиналатын министрлер кеңесі және хатшылық жұмыс істейді. Кеңесті Түркі мемлекеттері ұйымына төрағалық ететін мемлекеттің министрі басқарады. Ал хатшылықты министрлер кеңесі ротациялық негізде үш жыл мерзімге тағайындайтын бас хатшы басқарады. Қажет болған жағдайда оның өкілеттігі тағы екі жылға ұзартылуы мүмкін.
Мұнай 100 доллар болса, Қазақстан қосымша 20 миллиард доллар табыс табады – Энергетика министрі
"Хатшылықтың штаб-пәтері Ыстамбұл қаласында орналасады. Түркия Республикасы ғимаратпен қамтамасыз ету және хатшылықтың ұйымдастырушылық тұрғыда қалыптасуына қолдау көрсету міндеттемесін өз мойнына алады", – деп түсіндірді Лукин.
Келісімді іске асыру аясында құтқару бөлімшелерінің кәсіби даярлығының бірыңғай стандарттарын әзірлеу, бірлескен оқу-жаттығулар өткізу және қатысушы мемлекеттер арасында тәжірибе алмасу бағдарламаларын жүзеге асыру жоспарланып отыр. Сенатордың айтуынша, көмек көрсету зардап шеккен тараптың сұранысы бойынша ерікті негізде жүзеге асырылады, ал оны беру туралы шешім консенсус арқылы қабылданады.
Сонымен қатар келісімде тараптардың қаржылық міндеттемелері де қарастырылған. Түркі мемлекеттері ұйымының Азаматтық қорғау тетігінің өз бюджеті болады, ол қатысушы мемлекеттердің жыл сайынғы міндетті жарналары есебінен қалыптастырылады. Лукиннің сөзінше, бюджет туралы жеке халықаралық келісім күшіне енгенге дейін әр тарап үшін жыл сайынғы міндетті жарна мөлшері 50 мың долларды құрайды. Ал осы жарналардың жалпы көлемінен асатын шығындарды келісім күшіне енген күннен бастап алғашқы екі жыл ішінде Түркия Республикасы өтейді.
Тетіктің мақсаты – жер сілкінісі, су тасқыны, өрт сияқты апат кезінде елдердің күшін біріктіріп, жедел көмек көрсету. Ұйым зардап шеккен мемлекеттің өтініші бойынша жұмыс істейді. Яғни, апат болған ел ресми түрде көмек сұраса, басқа мемлекеттердің құтқарушылары, дәрігерлері және арнайы техникасы жіберіледі. Негізгі міндеттері – адам өмірін сақтау, мүлікті қорғау, медициналық және гуманитарлық көмек көрсету. Тағы бір ерекшелік– ортақ кәсіби стандарттар енгізу және бірлескен оқу-жаттығулар өткізу. Бұл түрлі елдердің құтқару қызметтерінің үйлесімді жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.
“Аталған заңды қабылдау Қазақстанның түркі мемлекеттерімен төтенше жағдайларға әрекет ету саласындағы ынтымақтастығын нығайтуға, халықтың қауіпсіздігін арттыруға және төтенше жағдайларға дайындық деңгейін күшейтуге мүмкіндік береді. Жалпы алғанда, Келісімді ратификациялау Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделеріне толық сәйкес келеді және өңірлік қауіпсіздікті нығайтуға өз үлесін қосады”, – дейді сенат депутаты Геннадий Шиповских.
Еміне 1,5 миллиард теңге қажет: Қазақстандық 7 жасар баланың бұлшықеттері әлсізденіп, жүруі қиындаған