Қазақстан ТМД елдерімен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі келісімді ратификациялады
Қазақстан ТМД елдерімен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі келісімді ратификациялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: akorda.kz
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 1 сәуір күні тиісті заңға қол қойды.
“Мемлекет басшысы "Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдағы ынтымақтастығы туралы келісімді ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды”, – делінген хабарламада.
Айта кетейік, бұл келісімге Армения, Беларусь, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Қазақстан басшылары 2022 жылы 14 қазанда Астанада қол қойғанын мәлімдеген еді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Ұлан Сарқұловтың айтуынша, келісімді ратификациялау заңсыз жолмен алынған және шетелге шығарылған активтерді қайтаруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ келісім сыбайлас жемқорлықтан түскен кірістерді іздеу және қайтару, сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасаған адамдарды ұстау және экстрадициялау, сондай-ақ ақпараттық жүйелерді пайдалану арқылы ынтымақтастықты нығайтады.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстан мен Өзбекстан арасында ашылатын жаңа логистикалық орталық туралы заңға қол қойған еді.