Қазақстан шекарасына жақын жерде аусыл ауруы өршіді: Қытайда індет анықталды, ал Ресей малды жаппай қырып жатыр

Фото: Pixabay.com
Қытайдың ауыл шаруашылығы министрлігі солтүстік-батыс Ганьсу провинциясы мен Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында аусыл ауруының өршігенін мәлімдеді. Сондай-ақ ресейлік фермерлер де аймақта аусыл тарауы мүмкін деп болжап отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сенбі күні үкімет 6229 бастан 219 ірі қара малда аусыл ауруының (АА) SAT1 серотипі диагнозын растады.
Содан кейін Шыңжаң мен Ганьсудағы жергілікті билік органдары ауру жұққан ірі қара малды жою және дезинфекциялау шараларын қабылдады.
Сала сарапшыларының айтуынша, SAT1 серотипі Қытайда алғаш кездесіп отыр. Қолданыстағы отандық вакциналар бұл штаммға қарсы қорғанысты қамтамасыз етпейді.
Сонымен қатар Ресейде де мал ауруы тарағаны белгілі болды. Қазақстан Сібірден және Ресейдің ірі қара малда пастереллез ауруының өршуі тіркелген басқа аймақтарынан мал, мал өнімдері мен жем импорттауға тыйым салды.
Сібір мен Еділ бойындағы билік жергілікті тұрғындардың малын тәркілеп, сойып тастап жатыр. Фермерлердің айтуынша, тәркіленген жануарлардың саны мыңдағанға жетеді – сиырлар, шошқалар, қойлар мен ешкілер.
Билік құтырма немесе пастереллез (кейде өлімге әкелуі мүмкін бактериялық инфекция) қаупі туралы мәлімдеді. Алайда малшылар аусыл тарауы мүмкін деп ойлайды.
Пастереллезден айырмашылығы, аусыл емделмейді. Вакцинация 100% қорғаныс бермейді, тіпті вакцинацияланған жануарлар тасымалдаушы болуы мүмкін. Мұндай жұқпалы инфекцияны тоқтату үшін ауру жануарларды жою керек.
Инфекция адамдарда сирек кездеседі.
Аусыл ауруының өршуі байқалған елдер Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымына хабарлауға міндетті. Дегенмен кейде билік ет пен сүт өнімдерін экспорттауға шектеулер қойылмауы үшін мұны істемеуі мүмкін. Ресейде соңғы рет ресми түрде тіркелген аусыл ауруының өршуі 2021 жылы болды.