Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан Ресеймен бірлесіп, "Союз-5/Сұңқар" зымыран-тасығышын ұшырмақ

Байқоңыр

Фото: Gov.kz

Қазақстан-Ресей бірлесіп іске асырып жатқан "Бәйтерек" жобасы аяқталу кезеңіне жақын. Қазір старттық кешенде "Союз-5/Сұңқар" зымыран-тасығышының алғашқы ұшырылуына дайындық аясында сынақтар жалғасып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Мамандар зымыранның барлық жүйесі мен старттық кешен элементтерінің сенімділігін растау мақсатында кеңейтілген сынақ бағдарламасын орындап жатыр. Бұл "Союз-5/Сұңқар" зымыран-тасығышын әзірлеу кезінде де, старттық кешен инфрақұрылымын құру барысында да бұрын қолданылмаған жаңа инженерлік және технологиялық шешімдердің енгізілуімен байланысты.

“Бәйтерек” – Қазкосмос пен Роскосмос арасындағы бірлескен кәсіпорын. Қазір ұшыруға дайындық бойынша жұмыстардың басым бөлігі аяқталды. Бұл кезеңде технологиялық жүйелердің ғана автономды сынақтары жүргізіліп, келесі кезеңде кешенді түрде автономды сынақтарды жүргізу жоспарланған.

“Зымыранды пайдалануға 40-тан астам техникалық және технологиялық жүйе тартылған. Олардың жекелеген және бірлескен сынақтары өткізіліп жатыр. Зымыран-тасығыш монтаж-сынақ кешеніне жеткізілген соң жүйелер түйістіріліп, олардың өзара үйлесімді жұмысы тексеріледі”, – деді "Бәйтерек" БК" АҚ басқарма төрағасы Айдын Айымбетов.

Байқоңыр

Фото: Gov.kz

Алғашқы ұшырылым мерзіміне түзету енгізу туралы шешім қабылданды. Бұл шешім техникалық сипатта және жобаның ұзақ мерзімді сенімділігіне, қауіпсіздігіне және кешенді табысты пайдалануға бағытталған.

“Байқоңыр ғарыш айлағында "Союз-5/Сұңқар” зымыранын құрастыру жұмыстары аяқталды. Жерүсті инфрақұрылымы мен зымыран алғашқы ұшырылымға дайын. Серіктестермен бірге борттық жүйелер мен жерүсті жабдықтарына қосымша тексерулер жүргізу туралы шешім қабылдадық. Бұл статистика құрастыру және ұшырылымның сенімділігі мен қауіпсіздігін қосымша растау үшін қажет. Біз ұшырылымды нақты бір күнге белгілеуді мақсат етпейміз. Басты міндет – “Бәйтерек” кешенінен “Союз-5/Сұңқар” зымыранының алғашқы сынақтық ұшырылымын сәтті өткізу”, – деді “Роскосмос” бас директорының зымыран жобалары жөніндегі орынбасары Дмитрий Баранов.

Ұшырылымға дайындыққа зымыран-ғарыш технологиялары саласында тәжірибесі бар мамандар мен өндірістік командалар тартылған. Барлық қызметкер жаңа техникамен жұмыс істеу үшін оқудан және тәжірибелік тағылымдамадан өтті, старттық кешенге қызмет көрсетуге барлығы дайын.

Байқоңыр

Фото: Gov.kz

Монтаж-сынақ кешеніндегі автономды сынақтар аяқталған соң, зымыран транспорттық-орнатқыш агрегатқа тиеп-орнатылып, старттық кешенге жеткізіледі, онда тік орнатылады. Содан кейін соңғы тексерулер өткізіліп, олардың қорытындысы бойынша алғашқы ұшырылым күні анықталып келісіледі.

“Бәйтерек” БК – 2005 жылы Байқоңыр ғарыш айлағында “Бәйтерек” ғарыштық зымыран кешенін іске асыру үшін құрылған Қазақстан-Ресей бірлескен кәсіпорны. Компания жаңа буын зымыран-тасығыштарын ұшыруға арналған жерүсті инфрақұрылымын құруға, дамытуға және пайдалануға жауапты.

“Союз-5/Сұңқар” – Самарадағы “Прогресс” орталығы әзірлеген зымыран-тасығыш. Ол автоматты ғарыш аппараттарын әртүрлі жердің маңындағы орбиталарға, соның ішінде үдеткіш блоктарды қолдана отырып ұшыруға арналған. Бұл – сатылары тізбектей орналасқан екі сатылы зымыран. Онда ұшу барысында дәлелденген сенімді техникалық шешімдер қолданылған, сондай-ақ экологиялық таза зымыран отыны компоненттерін пайдалану арқылы жоғары экологиялық қауіпсіздікке ие.

Байқоңыр

Фото: Gov.kz

Зымыранның артықшылығы – ұшыру құнының төмендігі және пайдалы жүктемені жоғары дәлдікпен орбитаға шығару мүмкіндігі. Старттық кешеннің ерекшелігі – дайындық пен ұшыру операцияларының автоматтандырылған режимде жүзеге асырылуы. 

Қарашаның басында зымыран-тасығыш кешенді сынақтар жүргізу үшін “Бәйтерек" старттық кешеніндегі монтаж-сынақ корпусына жеткізілді. 

Қырмызы Скендирова
Жұма, 26 Желтоқсан, 2025 12:27