Қазақстан президенті Ұлттық құрылтайдың не себепті ертерек өткізіліп отырғанын түсіндірді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайды жылдағы жоспарланған уақытынан не себепті ертерек өткізіліп отырғанын түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Былтыр күздегі жолдауда Жаңа экономикалық саясатқа көшу туралы айтқанын атап өткен Тоқаев ақпанның басында үкімет ауысып, жаңа міндеттер жүктелгеніне назар аударады. Алайда президент нағыз дамыған ел болу үшін тек экономикалық мақсат қою жеткіліксіз екенін айтады.
“Әлеуметтік, шаруашылық, идеологиялық және басқа да салалардағы бағдарымызды айқындап, нақты шараларды қолға алуымыз керек. Сондықтан биыл Ұлттық құрылтайды жылдағыдай жазда емес, ертерек өткізіп отырмыз”, – дейді ол.
Осы орайда мемлекет басшысы бірқатар өзекті мәселеге арнайы тоқталып өтуді жөн көреді.
“Ең алдымен, халықтың береке-бірлігін сақтау елдігіміз үшін аса маңызды. Бұл туралы үнемі айтып жүргенімді білесіздер. Ынтымағы жарасқан, ортақ мақсатқа ұйысқан ұлт ешқашан ұтылмайды. Ештеңеден құр қалмайды. Бұл істе зиялы қауым айрықша рөл атқарады. Әсіресе, елге сөзі өтетін аға буынның орны бөлек. Олар – қазақтың қаймағы, ұлттың мақтанышы.
Елдің тұтастығы зиялы қауымның бірлігінен басталады. Яғни, алдымен ел ағаларының арасында ауызбіршілік болуы керек. Олар ұрпаққа өнеге болатын кесек әңгіме айтуы қажет", – дейді Тоқаев.
Бұған дейін Тоқаев құрылтайдың – ешқашан той тойлап, әңгіме-дүкен құратын жиын болған емес екенін айтқан.