Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан өңірлерінің бірінде киіктер атыла бастады

Киік жайылып жүрФото: gov.kz

Батыс Қазақстан облысы әкімдігі өңірде киік санын реттеу жұмыстары ресми түрде басталғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ведомство дерегінше, киік ату жұмыстары 30 қарашаға дейін жалғасады, оған 40-қа жуық маман тартылып, 4 арнайы бригада жасақталған. Әр бригада 3 техникамен қамтамасыз етілген, жалпы саны 12 техника жұмылдырылған.

"Киік популяциясын реттеу табиғи тепе-теңдікті сақтау, жайылым жерлерге зиян келтірмеу және ауыл шаруашылығы алқаптарын қорғау мақсатында ұйымдастырылып отыр", – делінген хабарламада.

Әкімдік мәліметінше, 2025 жылы жүргізілген авиациялық есепке сәйкес, Батыс Қазақстан облысы аумағында киіктердің жалпы саны 2,3 млн басқа жеткен. Ғалымдар әзірлеген биологиялық негіздемеге сәйкес, популяцияға залал келтірмей, оның тек 20 пайызына, яғни 460 мыңға дейін ғана реттеу жүргізуге болады.

Ауланған киік еті арнайы белгіленген ет өңдеу кәсіпорындарына жеткізілмек.

"Атап айтқанда, бұл өнімдерді "Кублей" ЖШС, "Жеңіс" ЖК, "Батыс-Нық" ЖШС және "Хаиров" ЖК қабылдайды. Болашақта тағы басқа ет комбинаттарының да бұл іске атсалысуы жоспарланып отыр", – деді БҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Нұрлан Рахымжанов.

Мамандардың айтуынша, киік популяциясының бақылаусыз көбеюі ауыл шаруашылығы жерлеріне елеулі зиян келтіріп, экожүйеде теңгерімсіздікке әкелуі мүмкін. Сондықтан киік санын реттеу жұмыстары Қазақстан Республикасы үкіметінің тиісті қаулысына  сәйкес, барлық заңнамалық және экологиялық нормаға сай іске асырылмақ.

Еске салсақ, бұған дейін Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде киік етінің шұжықтарының өндірісі іске қосылғаны туралы хабарлаған едік.

Аида Тақабаева
Жұма, 04 Шілде, 2025 14:27
Талқылау