Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанға Ресейде такси ретінде пайдаланылған арзан көліктер жаппай әкелінуі мүмкін – сарапшылар

КөліктерФото: pixabay.com

Ресейде 2026 жылдың наурыз айында такси және жолаушылар тасымалы үшін көлікті оқшаулау туралы жаңа заңдар күшіне енеді. Бұл талаптар нарықты түбегейлі өзгертіп, жүрілген шетелдік автокөліктердің кең көлемде сатыла бастауы мүмкін. Соның салдарынан алдағы жылдары Қазақстанға бұған дейін такси ретінде қолданылған көліктер жаппай әкелінуі ықтимал. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Известия" басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Ресейдегі жаңа заңнамаға сәйкес:

- тасымалдаушылар шетелдік көліктерді сатып ала алмайды;

- такси парктерінде бұрыннан пайдаланылған шетелдік автокөліктерді көлік тізіліміне қайта тіркеуге рұқсат етілмейді.

Сарапшылардың пікірінше, бұл үйреншікті бизнес-модельге нұқсан келтіреді: ірі қалаларда таксилердің көбі жалға алу негізінде жұмыс істейді.

Халықаралық Еуразиялық такси форумында сала өкілдері автопарктер шетелдік көліктерін жаппай сатуға мәжбүр болатынын мәлімдеді.

"Бұл заңдар такси бизнесінің ерекшеліктерін ескеріп отырған жоқ, мұнда көліктер көбіне әртүрлі жүргізушілерге қайта тіркеледі. Салдарынан тасымалдаушылар шығындардың бір бөлігін өтеу үшін көліктерді нарықтық бағадан төмен бағамен сатуға мәжбүр болады", – деді "Главный путь" такси паркінің бас директоры Аркадий Лодягин.

Сарапшылар 2026 жылдан бастап Қазақстанға Ресейден осындай пайдаланылған шетелдік көліктер келуі мүмкін екенін ескертеді. Олардың айтуынша, жеңілдіктер қызықтырғанымен, тәуекел жоғары болмақ.

Жағымсыз жағдайға тап болмас үшін көлік сатып аларда мына жайттарға назар аударған жөн:

- автокөлік тарихын тексеру;

- такси ретінде жүрілмегенін тексеру;

- техникалық жағдайын жіті тексеру.

Көлік такси ретінде қолданылынып, "шаршаған" болса, жақсы жеңілдіктің өзі салған ақшаны ақтамайды.

Аида Тақабаева
Сәрсенбі, 20 Тамыз, 2025 12:56
Талқылау