Қазақстан мен Украина полицейлері телефон алаяқтарына қарсы ауқымды арнайы операция өткізді

Қазақстанның ішкі істер министрлігі қазақстандықтар мен шетел азаматтарына қарсы әрекет еткен алаяқтық call-орталықтар желісін жоюға бағытталған арнайы операцияға қатысты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Министрлік мәліметінше, Украина ұлттық полициясы мен екі елдің бас прокуратураларымен бірлесіп жүргізілген ауқымды арнайы операция нәтижесінде Украина аумағында әрекет еткен трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтың call-орталықтарының қызметі тоқтатылған.
31 наурыз күні Украинаның Днепр қаласында жүйелі түрде Қазақстан, Украина және Еуропалық одақ елдерінің азаматтарына қатысты интернет-алаяқтық жасап келген үш call-орталықтың қызметіне тосқауыл қойылды.
Қылмыстық ұйымның ұзақ уақыт бойы жалған инвестициялық компаниялардың қызметкерлері ретінде әрекет еткені анықталды.
“Алаяқтар жәбірленушілерді алдап, олардың құпия деректеріне, жеке кабинеттері мен банк шоттарына қол жеткізіп, нәтижесінде ақшалары мен цифрлық активтерін иемденген. Сонымен қатар романтикалық схемалар түріндегі тәсілдер арқылы, сондай-ақ криптовалютаға жалған инвестиция ұсыну арқылы жасалған алаяқтық деректері анықталды”, – делінген министрлік хабарламасында.
Қазақстанда алаяқ танымал онлайн ойын арқылы балалардан ақша ұрлаған
Алаяқтар қылмыстық әрекеттерін жүзеге асыру үшін танымал инвестициялық платформалар мен криптобиржаларды қайталайтын жалған интернет-ресурстарды пайдаланған.
“Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтың ұйымдастырушылары мен барлық белсенді қатысушы анықталды. Днепр қаласында бір мезетте 40 мекенжай бойынша тінту жүргізілді. Нәтижесінде 53 Украина азаматы ұсталды, олардың ішінде сегіз негізгі күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды”, – делінген хабарламада.
Алдын ала мәліметтер бойынша тінту барысында 100 мың доллар, 90 компьютер, 125 смартфон, 6 элиталық автокөлік, сондай-ақ атыс қаруына ұқсас зат тәркіленген. Тергеу әрекеттері жалғасуда.
Еске салсақ, бұған дейін алматылық зейнеткер алаяқтардың кесірінен 20 миллион теңгесі мен пәтерінен айырылғаны туралы жазған едік. Алаяқтар ІІМ қызметкері болып қоңырау шалып, әйелді барлық жинағынан айырылып қалу қаупімен қорқытқан. Сондықтан егде жастағы әйел нұсқауларды орындаған.
"Әйелдерге тән оюды ерлер пайдаланып жүр": Қазақстандық дизайнер жұлдыздардың ою-өрнекті орынсыз пайдаланып жүргенін сынға алды