Қазақстан мен қазақстандықтардан көңілі қалған туристер: 4 оқиға
Қазақстанға келген туристер өздерінің құқықтарын білмейтіндіктен, полиция қызметкерлеріне жиі ұсталады. Ал кейінгілері өз кезектерінде заңсыз айыппұл салып, пара талап етеді екен. Бұған Шәкір Исламбәкиев нақты мысалдар келтірді.
Фото: facebook.com/macchinaautomaticanoanima
Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.
Қазақстандағы туризмнің әлі күнге дейін қарқынды дамымай жатқаны белгілі. Шетелдіктер ғана емес, отандастарымыз демалыс кешендерінің тым қымбат екенін айтып жатыр. Олар қызмет көрсету сапасының да төмен екенін де тілге тиек етті. Мұнымен қатар, шетелдік қонақтар полиция қызметкерлерінің өздерін жөнсіз тоқтатып, пара сұрайтындарына наразы. Олай болса, полиция қызметкерлерінің орынсыз айыппұл тағайындаған бірнеше оқиғаны ұсынамыз.
Шәкір Исламбәкиев – Алматыдағы кішігірім қонақүйлердің бірінің иесі. Ол қонақүйіне тоқтаған туристердің басынан өткен бірнеше оқиғаны баяндап берді.
Қазақстанның заңдары тек шетелдіктер үшін жазылған ба?
Жаңа жыл қарсаңында Жаңа Зеландиядан елімізге қонақ келді. Рождество мерекесіне орай, 28 Панфиловшылар саябағындағы шіркеуге барған. Саябақтан шығып бара жатып шылым тұтатқан. Шылым шегуге болмайды деген белгіні көрмеген екен. Оның үстіне әлгі белгі саябақтың сыртында, көше бойында жазылып тұрған. Жергілікті жастар да шылым шегіп тұрған-ды. Неге екені белгісіз полиция қызметкерлері тек шетелдікке айыппұл салған. Білуімше, заңда нақты саябақтарға қатысты жазылмаған.
Осылайша полиция ағылшын тілді туристі екі сағат бойы ұстаған. Қандай заңды бұзғанын түсінбеген турист маған хабарласты. Мен қонақ үйдегі паспортын алып сол жерге бардым. Иммиграциялық картасын көрсетіп, Қазақстанда заңды жүргенін дәлелдедім. Сол жерде протокол толтырып, ашық түрде пара талап етті. Заңды түрде айыппұлдың 30 000 тұратынын және оның орнына азырақ соманы өздеріне бере салуға болатынын айтқан. Шетелден келген қонағымыз қатты ашуланып, қажет болса учаскеге апаруын сұрады. Соңында полицейлер паспортын беріп, оны босатты.
Қазақстанда мүсінді суретке түсіруге болмайды
Алдыңғы күні тағы бір келеңсіз оқиға болды. Турист әл-Фараби көшесінің бойында тұрған шөп мүсінді суретке түсірген. Осы сәтте өзі көпірдің үстінде тұрған. Оған полиция өкілдері келіп, мүсінді суретке түсіруге болмайтынын айтқан. Артынша құжаттарын талап еткен. Шетелдік қонағымыз кешірім сұрап, сол сәтте қашып кеткен екен. Бұған қарамастан қолынан қолтықтап, қысым көрсетпек болған.
Алматы көлінде шекарашылар туристерге сес көрсетеді
Үлкен Алматы көліне баратын әрбір турист те дәл осындай қиындыққа тап болады. Оларға шекарашылар келіп заңды бұзғандарын айтады екен. Тіпті, автоматпен қорқытатын кездері де болады. Яғни “шетелдің территориясына аяқ бастың” деп айыптайды. Мен сол жерге баратын әрбір туриске ескерту жасап отырамын. Әсіресе, қандай жағдай болмасын, ақша бермеуге кеңес беремін. Оның үстіне көлдің маңында арнайы белгілер жоқ. 1 000-2 000, 5 000 көлемінде пара бергендер бар. Өкінішке орай, еліміздің заңдарын жетік білмейді. Тіпті, қандай ережені бұзғандарын түсінбейді.
Кім кінәлі?
Бір турист Аргентинадан ұшып келді. Оған Қазақстан қатты ұнады. Барлық достарына елімізді мақтап жазды. Достарына міндетті түрде келуге кеңес берді. Оны Ресей мен Қазақстан шекарасында ұстап қалған екен. Ол Петропавл арқылы ұшқан болатын. Туриске “миграциялық құқықты бұзды” деген айып тағылған. Алайда ол Алматыға миграциялық полицияға барған болатын. Полиция өкілдері құжаттардың дұрыстығын айтып, еш анықтама бермеген.
Өкінішке орай, әлгі турист Қазақстаннан өз еліне депортацияланды. Енді елімізге 5 жыл бойы келе алмайды. Болған оқиғаның себебі де әлі күнге дейін түсініксіз. Бір қызығы, дәл осылай тағы бір қонақ Аргентинадан ұшып келді. Аузы күйген үрлеп ішеді демекші, оны да миграциялық полицияға жібердім. Оған да анықтама бермеді. Бірақ оның жолы болып, Қазақстаннан аман-есен кетті. Өкінішке орай, мұндай оқиғалар болып тұрады. Бар мәселе адамның жолы болғыштығында ма деген ой келеді.
Оқи отырыңыз:
Серік Абас-шах тоқалымен елді құтқармақ болған Қыдырәліні әжуалады
Қазақстандық әйел туған қыздарын зорлап келген күйеуі туралы айтты