Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан мен Еуропа визалық режимді жеңілдету туралы келісім жасауға дайындық бастады

Фото: akorda.kz

Тоқаев елімізге алғаш рет ресми сапармен келген Еуропалық Кеңес Президенті Антониу Коштамен келіссөз жүргізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Тоқаев кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылғанына 10 жыл толуымен тұспа-тұс келген бұл сапардың символдық мәнге ие екеніне тоқталды. Қазақстан – Еуропа Одағымен осындай тарихи келісім жасаған өңірдегі тұңғыш мемлекет.

“Сіздің сапарыңызға ерекше мән береміз. Бұл Қазақстан мен Еуропа Одағы арасындағы сан қырлы ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге қос тараптың да дайын екенін көрсетеді. Біз өзара құрмет пен түсіністікке негізделген берік әрі мазмұнды серіктестікті қолдаймыз. Өзара саяси диалогымыз ортақ мүддемізге сәйкес келетін көптеген бағыт бойынша қарқынды дамып келеді. Осы орайда бірнеше күн бұрын Брюссельде өткен "ЕО – Қазақстан" ынтымақтастық кеңесі отырысының нәтижесіне жоғары баға беремін”, – деді мемлекет басшысы.

Былтыр екіжақты тауар айналымы шамамен 50 миллиард долларға жетті. Ал 2005 жылдан бері елімізге келген инвестицияның жалпы көлемі 200 миллиард долларға жуықтады. Еуропа Одағының Орталық Азиямен сауда-саттығының 80 пайызы Қазақстанға тиесілі.

Президент энергетика, көлік, цифрландыру және өнеркәсіп салаларында қызмет ететін 4 мыңнан астам еуропалық компанияның экономикамызға қосқан үлесін атап өтті.

Фото: akorda.kz

Тоқаев гуманитарлық ынтымақтастыққа айрықша назар аударып, Еуропа Одағының білім беру бағдарламаларына ризашылығын білдірді. Оның аясында 5 мыңнан астам қазақстандық студент пен оқытушы Еуроодақ елдерінде білімін жетілдіріп, тәжірибеден өтуге мүмкіндік алды.

Мемлекет басшысы визалық режимді жеңілдету және реадмиссиялар туралы келісім жасауға дайындық жұмыстары басталғанын құптады.

“Президенттің айтуынша, Қазақстан Еуропа Одағы мен Орталық Азияның С5+ЕО форматындағы белсенді диалогын қуаттайды. Аталған платформа орнықты өсім және өзара байланыс саласындағы ортақ мүдделерді ілгерілетуге жол ашты”, – делінген Ақорда хабарламасында. 

Президент Қазақстан мен Еуропа Одағы арасындағы серіктестікті тереңдетуге Антониу Коштаның қосқан үлесін жоғары бағалап, Еуропалық кеңес президентін І дәрежелі "Достық" орденімен марапаттады. 

Фото: akorda.kz

“Құрметті Президент мырза, Сізге І дәрежелі "Достық" орденін табыстау мен үшін зор мәртебе. Бұл жоғары награданы Қазақстан мен Еуропа Одағы арасындағы берік достықтың жарқын белгісі, Сізге көрсетілген құрметіміз ретінде қабыл аласыз деп үміттенемін. Қазақстан мен ЕО арасындағы табысты серіктестіктің одан әрі дамып, достығымыздың беки беретініне сенімдімін”, – деді Тоқаев.

Антониу Кошта қонақжайлық танытқаны үшін Тоқаевқа ризашылығын білдірді.

“Бүгін көрсеткен құрметіңізге дән ризамын. Мұны сенім мен диалогты нығайтудың, тұрақтылықты, өркендеуді және ашықтықты қамтамасыз етуге ортақ ұмтылысымыздың көрінісі деп бағалаймын. Құрметті Президент мырза, халықтарымыз бен тұтас аймақтың игілігі үшін бірлескен жұмысты алдағы уақытта да белсенді түрде жалғастырамыз деп ойлаймын”, – деді Антониу Кошта.

Еске салсақ, бұған дейін Тоқаев Ресейдің бұрынғы вице-премьерін ІІ дәрежелі Достық орденімен марапаттаған еді.

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 04 Желтоқсан, 2025 19:15