Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан мен БАӘ шахмат федерациясы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

2025 жылғы 21 ақпанда Астанада KazChess/Қазақстан шахмат федерациясы және Біріккен Араб Әмірліктерінің Шахмат федерациясы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл Азия аймағында және бүкіл әлемде шахматты дамытудағы екі ел арасындағы тығыз байланыстың тағы бір көрінісі болды.

шахмат

Фото: Stan.kz

ХХ ғасырдың 20-жылдары Парсы шығанағы аймағында аса бай мұнай қоры ашылды. Ал 1971 жылдың желтоқсанында Британия протекторатына жататын Шарт жасасқан Оманның алты әмірлігі – Әбу-Даби, Аджман, Дубай, Умм-әл-Кайвайн, Фуджейра мен Шарджа бірігіп, Біріккен Араб Әмірліктері (БАӘ) деп аталатын федерация құрды. Кейінірек оларға жетінші әмірлік – Рас-әл-Хайма қосылды.

шахмат

Фото: Қазақстан шахмат федерациясынан

БАӘ Шахмат федерациясының бас хатшысы Абдул Карим Хасан әл-Марзукидің елімізге сапары Қазақстанда шахматты бұқаралық спорт түріне айналдыру мақсатын көздейтін "Білім берудегі шахмат" жобасымен танысуға арналды.

21 ақпанда Абдул Карим Хасан әл-Марзуки KazChess/ҚШФ кеңсесінде болып, онда қазақстандық әріптестерінің жұмысымен танысты.

Бүгінде Қазақстан шахмат федерациясы “Білім берудегі шахмат” бағдарламасын жүзеге асырып жатыр. Негізгі мақсаты – шахматты Қазақстандағы білім беру жүйесіне енгізу. Қазірдің өзінде елдегі 550 мектептің бастауыш сыныптарына шахмат пәні енгізілді. Бағдарлама барлық 20 аймақты, соның ішінде бірінші сыныптың 20 088 оқушысын қамтиды. Ал екінші сыныптарға арналған курстар 42 мектепте жүргізілді. Сонымен қатар 797 педагог арнайы курстан өткен. Шахмат федерациясы бағдарлама аясында жоғарғы оқу орындарымен 7 меморандумға қол қойған.

шахмат

Фото: Stan.kz

“БАӘ Шахмат федерациясының бас хатшысы Абдул Карим Хасан әл-Марзуки мырзаның сапармен келуі біздің тәжірибеміздің халықаралық деңгейде мойындалғанын растады. БАӘ Шахмат федерациясымен Меморандумға қол қойылуы білім алмасуға және білім беру процесінде шахматты таратуға жаңа мүмкіндік туғызады" – деп атап өтті "Қазақстан шахмат федерациясы" РҚБ атқарушы директоры Гүлмира Дәулетова.

Сапар аясында БАӘ Шахмат федерациясының бас хатшысы Абдул Карим Хасан әл-Марзуки шахмат пәні енгізілген Астанадағы №8 мектепті аралады. Аталған білім ордасында шахмат пәні 2023-2024 жылдары тек бір сыныпқа енгізілген екен. Мұғалімдер де шахматтың балаларға оң әсерін тигізетініне көзі жеткен соң, биылғы оқу жылында барлық бірінші сыныптардың оқу бағдарламасына шахмат үйренуді қосқан.

шахмат

Фото: Stan.kz

Қадірлі қонақ елдегі білім беру жүйесі жайлы ақпарат алып қоймай, асық ату, зерек ойын, тоғызқұмалақ сынды ұлттық ойындармен танысты. Мектеп қабырғасында бас хатшы бастауыш сынып оқушылармен шахмат ойнап, қазақстандық оқушылардың талантына тәнті болғанын жасырмады. Оның сөзінше, қос елдің федерациясы арасындағы келісім аясында қазақстандық оқушылар БАӘ тәжірибесін меңгере алады.

шахмат

Фото: Stan.kz

“Біріншіден, шақырту үшін Қазақстан шахмат федерациясына алғысымды білдіремін. Меморандумның мақсаты – екі елді жақындастыру, екіншіден шахматты дамыта отырып, тәжірибе алмасу. Сондай-ақ біз Қазақстандағы шахматты үйрету жолдарын меңгергіміз келеді. Алдағы уақытта Қазақстанда және Біріккен Араб Әмірліктерінде чемпионат өткізуді жоспарлап отырмыз. Оқушыларға шахмат үйрету біздің елде де жүргізіліп келеді. Былтыр мектеп тәлімгерлері арасында жарыс өткізіп, бұған 1700-ден аса бала жазылды. Айта кетейін, бұл Қазақстанмен арадағы алғашқы келісім емес. Қазақстанның атын әлемге танытып жүрген Динара Садуақасова сынды білікті шахматшылар елімізге келіп, тәжірибе алмасты. Қазір ол әлемдік аренада елін танытып жүр, сондықтан біздің байланысымыз келешекте одан әрі жандана түседі деп сенемін”, – деді Абдул Карим Хасан әл-Марзуки.

Айта кетейік, Қазақстан шахмат федерациясы 2027 дейін “Білім берудегі шахмат” бағдарламасы аясында 1400 мектепті қамтуды жоспарлап отыр. Осылайша ел аумағында шахмат үйрету мәдениетін қалыптастырып, оқушылардың интеллектуалды потенциалын дамытуға септігін тигізбек.

Талқылау