Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

Қазақстан Ауғанстандағы кен орындарын зерттеу бойынша арнайы комиссия құрмақ


Фото: primeminister.kz

Кабул қаласында өткен кездесуде Қазақстанның премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мен Ауғанстан Ислам Әмірлігінің Кен өндіру және мұнай министрі Хедаятулла Бадри келісім жасасты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Серік Жұманғарин ауған тарапына Қазақстаннан жеткізілген геологтардың қатты пайдалы қазбалардың әлеуетті кен орындарын зерттеу бойынша далалық жұмыстарын ұйымдастыруға қолдау көрсеткені үшін алғысын білдірді.

"Бүгінгі таңда Қазақстан геологиялық барлау, қатты пайдалы қазбаларды өндіру және өңдеу саласында тәжірибесі бар кәсіби тау-кен компаниялары пулын құрды. Бұл компаниялар әлеуетті кен орындарын іздеуге және инвестиция салуға мүдделі. Осы бағытты талқылау үшін қазақстандық делегация құрамында ERG Exploration, Kazakhmys Barlau және Қазатомөнеркәсіп компанияларының өкілдері келді", — деді Серік Жұманғарин.

Ауған тарабы қазақстандық мамандардың зерттеу жұмыстарына қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді. Тараптар барлық туындаған мәселелерді жедел талқылау үшін бірлескен техникалық комиссия құруға уағдаласты.

Мамыр айының соңында Қазақстан кен орындарын зерттеу үшін Ауғанстанға тағы бір мамандар тобын жібермек.

Сонымен қатар ауған тарапы қазақстандық тау-кен компанияларының сұранысы бойынша табиғи ресурстардың расталған қоры туралы мәліметтер беруге дайын екенін білдірді.

Сондай-ақ Серік Жұманғарин Ауғанстан Ислам Әмірлігінің Мемлекеттік компаниялар басқармасының басшысы Ахмад Джан Билалмен кездесті.

Тараптар қазақстандық кәсіпорындардың Ауғанстан мемлекеттік компанияларымен ынтымақтастығын кеңейту мүмкіндіктерін талқылады.


"Менделеев кестесіндегі барлық элемент сонда": Қазақстан Ауғанстан жерінде пайдалы қазбалар өндірмек


Серік Жұманғарин Қазақстан–Ауғанстан бизнес форумының ашылуына қатысты. Шараға өсімдік майы, макарон, күріштен бастап агродрондар мен аккумуляторларға дейінгі тауарларды ұсынған 50 қазақстандық компания қатысты.

"Ауғанстан Орталық және Оңтүстік Азия арасындағы маңызды логистикалық хабқа айнала алады, ал Қазақстан – азық-түлік, технология, машина жасау, химия және IT өнімдерінің сенімді жеткізушісі бола алады. Алдымызға амбициялы, бірақ қолжетімді мақсат қойылды яғни, сауда айналымын қысқа мерзімде 3 млрд долларға дейін жеткізу. Бұл мақсатқа жету үшін тұрақты жеткізу арналары құрылып, өзара сауда номенклатурасы кеңейіп, инвестициялар мен кәсіпкерлік белсенділікке қолайлы жағдай жасалуы қажет", — деп атап өтті вице-премьер.

Форумның алғашқы күнінің алдын ала қорытындысы бойынша шамамен 140 млн доллар сомасына коммерциялық құжаттарға қол қойылды.

Еске салсақ, осыған дейін Қазақстан Ауғанстандағы теміржол құрылысына 500 миллион доллар инвестиция салатынын жазғанбыз.

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 23 Сәуір, 2025 21:58
Талқылау