Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Педагогтардың жасының ұлғаюы Қазақстан мектептерінің басты мәселесі – Министр

Алматыдағы мектептердің бірінде сабақ кезінде мұғалім оқушыға бор лақтырғанФото: Freepik.com

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Қазақстанның білім беру жүйесіндегі негізгі мәселе – педагогтардың жасының ұлғаюы деп санайды. Оның пікірінше, жасы үлкен мұғалімдерге цифрлық технологиялардың жылдам енгізілуіне бейімделу қиын, салдарынан білім беру сапасы төмендейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Министрдің айтуынша, ЭЫДҰ сарапшылары педагог кадрлардың қартаюы жаһандық үрдіске айналғанын ескертіп жатыр. Олардың болжамына сәйкес, 2030 жылға қарай ЭЫДҰ елдерінде мұғалімдердің үштен бірінен астамы 50 жастан асады, ал жас мамандардың үлесі төмен деңгейде қала береді.

“Қазақстанның білім беру жүйесі тап болып отырған негізгі сын-қатерлер педагогикалық құрамның қартаюына, жас мамандар үлесінің төмендігіне және өңірлік теңгерімсіздікке байланысты. 50 жастан асқан мұғалімдердің үлесі артып келеді, ал 35 жасқа дейінгі жас мамандардың үлесі шамамен 15% деңгейінде қалып отыр. Бұл ЭЫДҰ елдеріндегі орташа көрсеткіштен төмен”, – деді ол.

Жұлдыз Сүлейменованың сөзінше, бұл алаңдатарлық жағдай.

“Ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар санының өсуі, цифрлық технологиялардың енгізілуі және білім сапасына қойылатын талаптардың күшеюімен ұштаса келе, бұл жағдай оқыту сапасының төмендеуіне, инновациялық белсенділіктің шектелуіне және білім беру теңсіздігінің, әсіресе ауылдық және шалғай аймақтарда, тереңдеуіне қауіп төндіреді”, – дейді министр.

Оқу-ағарту министрлігі бұл бағыттағы кешенді шараларды одан әрі күшейтуді жалғастырып жатыр. Олардың қатарында педагогтер мен мектеп басшыларын цифрлық сауаттылық пен заманауи білім беру стандарттары негізінде орталықтандырылған даярлау және қайта даярлау бағдарламалары, жас мамандарға арналған тәлімгерлік және қолдау тетіктері, ашық әрі түсінікті мансаптық даму жолдары, сондай-ақ халықаралық тағылымдамалар, сыйақылар мен қоғамдық мойындау арқылы мұғалім мамандығының беделін арттыру шаралары бар.

Балнұр Рахматуллақызы
Бейсенбі, 05 Наурыз, 2026 12:31