Қазақстан мектептерінде енді бірнеше пәнді бір пәнге біріктіріп оқытуға рұқсат етіледі
Қазақстан мектептерінде енді бірнеше пәнді бір пәнге біріктіріп оқытуға рұқсат етіледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: depositphotos.com
Жаңа ереже туралы оқу-ағарту министрлігіне қарасты Ұлттық білім академиясының вице-президенті Руслан Қаратабанов мәлімдеді.
"Егер мектеп қаласа, химия, физика, биологияны жеке-жеке пән ретінде оқыта алады. Алайда бұл пәндерді біріктіріп оқыту тәжірибесі бар мектептер де жетеді. Жаңа нормада мектептерге химия, физика, биология пәндерін жаратылыстану, дүниежүзі тарихы мен құқық негіздері пәндерін әлеуметтік ғылымдар, ал алгебра мен геометрияны математика пәні ретінде біріктіруге құқық берілетіні көрсетілген. Бірақ егер мектептер бұлай жасағысы келмесе, олар бұрынғы жүйеде қала алады", – деді Қаратабанов.
Сонымен қатар әр пәнге жасанды интеллект негізіндегі әртүрлі технологияларды қолдануға байланысты тапсырмалар енгізу қарастырылған.
Қазақстандағы жасанды интеллектті дамыту қауымдастығы төрағасының орынбасары Анар Төлеубаева алдымен мұғалімдерге жасанды интеллектті қолдануды үйрету жоспарланып отырғанын атап өтті.
"Біз мұғалімдерге түрлі қосымшаларды, соның ішінде ChatGPT-ге тіркеп, оларды дұрыс қолдануды үйретеміз. Сондай-ақ ChatGPT ұсынған ақпаратты қалай тексеру керек екенін көрсетеміз. Сонымен қатар суреттер генерациялауды және оқушыларға арналған жылдам тапсырмалар жасауды да үйретеміз", – деді Төлеубаева.
Еске салсақ, бұған дейін қазақстандық оқушылардың мектепте жасанды интеллектпен жұмыс істеуді үйренетіні туралы жазған едік.