Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Қашып кетпек болған”: Қазақстандық әйел "мамбеттер" туралы қалжыңы үшін екі айға қамалды

Фото: Желіден скрин

Threads әлеуметтік желісінде “қазақтар мамбеттерімен танымал” деген пікір жазып, басы дауға қалған қарағандылық кәсіпкер әйел Алика Мұхамадиева екі айға тергеу изолятторына қамалды. Ол 2 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.   

Бұған дейін ол желіде бәрінен кешірім сұрап, жазбасынан кейін өз атына қорқыту хаттары келіп жатқанын айтқан.

"Әлеуметтік желідегі шабуылдарды тоқтатуларыңызды өтінемін. Жақындарымның амандығына қатты алаңдаймын. Маған ашулы ер адамдар ата-анам мен отбасымды тауып алатынын жазды. Бұл жағдайға тек өзім кінәлімін. Бұл бәрімізге сабақ болады деп үміттенемін", –  деді ол.

Қарағанды облыстық Полиция департаменті қызға қатысты Қылмыстық кодекстің 174-бабы, 1-бөлігі – "Ұлтаралық араздықты қоздыру" бойынша іс қозғалғанын растады.

“22 шілде күні Қарағанды қалалық соты тергеу тарапынан түскен өтінішті қанағаттандырып, Мұхамадиеваны екі айға қамауға алу туралы шешім шығарды. Қазір тергеу амалдары жалғасып жатыр”, – делінген хабарламада. 



Бұл бап бойынша 2 жылдан 7 жылға дейін бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Полицияның хабарлауынша, сотқа дейінгі тергеу аясында күдікті елден кетпек болған.

"Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Тергеу барысында 22 жастағы қарағандылық тұрғын Threads әлеуметтік желісінде ұлтаралық араздық белгілері бар жарияланым салғаны анықталды. Тергеу органдарына күдіктінің елден тыс жерге шығуға ниетті екені белгілі болғаннан кейін, оны қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасына санкция беру туралы өтінішхат қозғалды", – деп хабарлады ПД.

Еске салсақ, Алика Мұхамадиева желіде қазақтарды “мамбет” деп атап, мұсылмандарды шошқаға теңегені туралы хабарлаған едік.

STAN.KZ
Сейсенбі, 22 Шілде, 2025 17:45
Талқылау