Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан қалаларында жылу құны қанша?

Фото: freepik.com

2025 жылы Қазақстан қалаларында жылу тарифі әртүрлі. Кейбір өңірлерде тұрғындар бір гигакалория үшін төрт мың теңгеден аз төлесе, өзге аймақтарда бұл сома он мың теңгеден асады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Бағаның мұндай айырмашылығы климаттық жағдайға, энергия көздеріне, есептегіш құралдардың бар-жоғына, жылу желілерінің күйіне және жылумен қамтамасыз етуші компаниялардың саясатына байланысты. Қаңтар айындағы көрсеткіштермен салыстырғанда, кейбір қалаларда жылу қымбаттаса, кейбірінде бұрынғы деңгейде қалған.

Есепке негіз ретінде есептегіш құралдары жоқ тұрғын үйлерде тұтынылатын 1 гигакалория жылу энергиясының тарифі алынды.

Ең арзан жылу дәстүрлі түрде оңтүстік өңірлерде сақталған. Түркістанда тұрғындар 1 гигакалория үшін 3 207 теңге төлейді, Қонаевта – 3 532 теңге, Қызылордада – 3 589 теңге. Жезқазғанда тариф 3 663 теңге, ал есептегіш құрал болған жағдайда – 2 906 теңге.

Елордада есептегіш құралдары бар үйлерде тариф 3 929 теңге болса, есептегішсіз үйлерде 4 727 теңге. Талдықорғанда есептегішсіз – 4 864 теңге, есептегішпен – 3 635 теңге. 

Өскеменде 5 116 теңге, ал есептегішпен 3 641 теңге. Ақтөбеде 1 гигакалория үшін 5 211 теңге төленеді.

Ақтауда 2025 жылдың тамыз айынан бастап тариф өскен. Мұнда 100 шаршы метрге дейінгі тұрғын үйлер үшін есептегішсіз тариф 5 400 теңге болып белгіленді. Көкшетауда жылу бағасы орта есеппен 23 пайызға қымбаттап, есептегішсіз 5 507 теңге, есептегішпен 2 529 теңге болды. Павлодарда тариф 12,7 пайызға өсіп, есептегішсіз 5 470 теңгеге жетті. Қарағандыда жеке тұлғалар үшін белгіленген тариф – 5 537 теңге.

Қостанайда 2025 жылдың 1 қазанынан бастап тариф 6 301 теңге болып бекітілген, ал есептегішпен – 5 069 теңге. Таразда тариф 6 258 теңге, есептегіш бар үйлерде – 4 985 теңге. Семейде 2025 жылдың 1 шілдесінен бастап жаңа баға енгізілген, 2026 жылдың 30 маусымына дейін қолданылады, есептегішсіз 6 362 теңге, есептегішпен 5 031 теңге болады.

Оралда есептегіш бар болса да, жоқ болса да, тариф бірдей – 6 946 теңге. Шымкентте тамыздан бастап жаңа тариф енгізіліп, жылу құны 7 230 теңге болды. Атырауда тұрғындар есептегішсіз 7 470 теңге, есептегішпен 6 021 теңге төлейді, ал ескі немесе апатты үйлерде тұратындар үшін тариф 6 225 теңге.

Петропавлда тариф 2025 жылдың 1 қаңтарынан бері өзгерген жоқ, есептегішсіз 7 891 теңге, есептегішпен 6 038 теңге. 

Алматыда жылу ең қымбат қала болып отыр. Мұнда жалпы тариф 8 403 теңге, есептегішсіз үйлер үшін 10 084 теңге, есептегіш бар үйлер үшін 8 248 теңге, ал есептегіш орнатуға техникалық мүмкіндігі жоқ ескі үйлерде – 8 403 теңге.

Сонымен қатар Алматыда "ақылды" жылумен қамту жүйесіне көшу басталды. Бұл жүйе жылу желілерінің қысымы мен температурасын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік беріп, ақауларға жедел әрекет етуге жағдай жасайды.

Айнұр Мұхади
Дүйсенбі, 10 Қараша, 2025 13:10
Талқылау