Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан инвесторлармен 17 мұнай-газ келісімшартын бұзды

вице-министр

Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Энергетика вице-министрі Қайырхан Тутқышбаев Энергетика министрлігі ұзақ уақыт бойы келісімшарт міндеттемелерін орындамаған инвесторлармен 17 жер қойнауын пайдалану келісімшартын бұзғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

"Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында ұзақ уақыт бойы келісімшарттық міндеттемелерін орындамай ұсталған жер қойнауы учаскелерін тексеру шеңберінде, биыл министрлік 17 келісімшартты тоқтатты. Мемлекеттің меншігіне қайтарылған жер қойнауы учаскелері инвестиция тарту мақсатында аукционға қойылады", - деді ол Үкімет отырысында.

2024 жылдың қорытындысы бойынша жүргізілген жыл сайынғы мониторинг нәтижесінде Энергетика министрлігі жер қойнауын пайдаланушыларға жалпы сомасы 19 млрд теңгені құрайтын келісімшарттық міндеттемелерді бұзғаны туралы 167 хабарлама жолдады. Қазіргі таңда вице-министр мемлекеттік бюджетке 2 млрд теңге төленгенін атап өтті.

Жалпы көмірсутек бойынша жер қойнауын пайдалану келісімшарттарының саны 324-ті құрайды, оның ішінде барлау бойынша – 15, барлау және өндіру бойынша – 170,өндіру бойынша – 131, өнімді бөлу туралы келісімшарттар – 8.

2023 және 2024 жылдары жер қойнауын пайдаланушылар геологиялық барлау жұмыстарына тиісінше 150 млрд теңге және 160 млрд теңге инвестиция салған. Ал 2025 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында геологиялық барлау жұмыстарына 80 млрд теңге жұмсалған. Сонымен қатар, Қайырхан Тутқышбаев ағымдағы жылдың соңына дейін геологиялық барлау жұмыстарына инвестициялар өткен жылдар деңгейінен кем болмайтынын сендірді.

Биыл Энергетика министрлігі екі аукцион өткізді, нәтижесінде 11 келісімшарт жасалды. Бюджетке 10,6 млрд теңге түсті. Сонымен бірге, алдағы алты жылға барлау жұмыстарына 71,6 млн АҚШ доллары инвестиция тартылғанын атап өтті.

Айнұр Мұхади
Сейсенбі, 11 Қараша, 2025 12:43
Талқылау