Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қазақстан экономикасын реформалап жатқан жоқ, біз тек бағаны көтеріп жатырмыз": Экономист Құсайынов министр және ұлттық банк басшысымен сөзге келіп қалды

Фото: Сенаттың баспасөз қызметі

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов ресми көрсеткіштерге қарамастан, қазақстандықтар табыстарының өсімін сезінбей отырғанын мойындады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

"Қазір біз нақты табыстың айтарлықтай өсімін байқап отырған жоқпыз. Кейбір тоқсандарда тіпті төмен көрсеткіштер тіркеліп отыр. Бұл нені білдіреді? Номиналды түрде жалақы өсіп жатыр, жұмыс беруші оны 10–15%-ға көтеруі мүмкін, бірақ жоғары инфляция салдарынан адамдар бұл өсімді сезінбейді. Бұрын қандай азық-түлік пен тұрмыстық тауарларды сатып ала алса, сол деңгейде қалуда. Инфляция неғұрлым жоғары болса, өсім соғұрлым қиын", - деді ол.

Сүлейменов базалық мөлшерлемені көтеру инфляцияны бақылау үшін қажет екенін, алайда ол несие мөлшерлемелерінің өсуіне және экономикалық белсенділіктің төмендеуіне әкеп соғатынын ескертті.

"Біздің экономика қызып кеткен жоқ, бірақ егер аздап аялдап, жағдайды бағаламасақ, өсу сапалы болмайды", - деді ол.

Экономист Айдархан Құсайынов қазіргі экономикалық модельді сынға алып, елде шынайы реформалар жүргізілмей жатқанын мәлімдеді. 

"Біздің экономикалық моделіміз мүлдем жұмыс істемейді. Баға тепе-теңдігі бұзылған, сондықтан әрдайым “мұнда өртенді, ана жақта өртенді” деген жағдай қайталанып тұрады. Үш жерде бірдей өрт сөндіріп жүргендейміз. Бұл – жүйелі шешім емес, жай ғана өрт сөндіру. Ал салықты көтеру – реформа емес, азамат мемлекетте өмір сүру үшін төлейтін бағаның өсуі ғана. Тарифтер мен базалық мөлшерлеме де сол бағаның бір бөлігі", - деді ол.

Құсайыновтың айтуынша, салықтар мен тарифтердің көтерілуі жүйелі өзгерістерге емес, бюджеттегі тесікті жамауға бағытталған амал.

"Мемлекетке қызмет көрсетуге ақша жетпейді. Сонда бағаны көтеру арқылы қарапайым шешім қабылданады. Бірақ бұл реформа емес, тек құнның өсуі. Реформа дегеніміз – түбегейлі өзгеріс. Егер дүкен иесі табыс аз деп бағаны көтерсе, бұл маркетинг, реформа емес", - деп түсіндірді ол.

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев экономистен "түбегейлі өзгеріс" дегенде нені меңзейтінін нақтылауды сұрады. Құсайыновтың айтуынша, мәселе бағалардың жүйелі қайта теңестірілуінде, ал қазіргі тәсіл уақытша, фрагменттік сипатта. Мемлекет өрт болған жерді ғана сөндіріп, ірі кәсіпорныдарға көмектесіп жатыр, қарапайым азаматтардың мәселесін шешіп жатқан жоқ.

"Қазір біз “қай жерде өртенсе, сол жерде сөндіріп” отырмыз. Ірі кәсіпорындарға көмектесеміз, бірақ қарапайым халықтың мәселесін шешпейміз. Олигархтарға тариф төмендетіледі, ал халыққа жоқ. Біз ойланбай әрекет етеміз, саясат өзгермейді. Есептерде бәрі әдемі көрсетіледі, бірақ шынайы проблемалар айтылмайды. Нәтижесінде бәрі жақсы сияқты көрінеді. Ұсақ, уақытша жеңістер бар, бірақ макродеңгейде бұл жұмыс істемейді.

Мен салықты көтеруге қарсы емеспін. Қазақстан бүгінде іс жүзінде офшор. Бірақ салықты тек табыс өскен кезде көтеру керек. Ал қазір жалақы төмендеп жатыр, нақты табыс азаюда, ал мемлекет “біз жақсы жұмыс істедік, енді көбірек салық төлеңдер” дейді. Бұл халықтың наразылығын тудырады. Бюджет пен салық – даму құралы емес, тек күн көріс тәсіліне айналды",  - деді Айдархан Құсайынов.

Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, Қазақстанда қазір бірнеше ауқымды реформа бір мезгілде іске қосылған. Бұл өз кезегінде азаматтарға түсетін әлеуметтік және экономикалық қысымды күшейтті.

"Азаматтардың әлеуметтік көңіл күйінің нашарлау қаупі бар. Ең бастысы инфляцияның өсуі мен халықтың инфляциялық күтуінен болуы мүмкін. Мұндай жағдай бірқатар реформаның қабаттасып жүруінен болды. Бір мезгілде ТКШ саласында “инвестицияға айырбас” реформасы, ҚҚС реформасы және бюджеттік реформа жүргізіліп жатыр. Салық реформасы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді, бірақ оның дайындық кезеңі мен күтілуі биылдың өзінде бпағаға әсер етіп жатыр. Компаниялар бағаларын қайта қарауға кірісті. Сондай-ақ сыртқы экономикалық жағдай да ықпал етті, ресей рублі және АҚШ долларының нығаюы импорт құнын өсірді, ал біз импортқа тәуелді елміз", - деді министр.

Жұманғарин реформаларды тоқтату жоспарланбайтынын, бірақ оларды уақыт бойынша бөлу, яғни кезең-кезеңімен іске асыру қажет екенін айтты.

"Реформалар бір-бірімен қабаттасып кетті, сондықтан ең алдымен оларды уақыт бойынша ажырату керек. Біз ешбір реформаны тоқтатпаймыз, олардың қажеттілігіне ешкім күмән келтірмейді. Әсіресе салық реформасы мен фискалдық тұрақтандыру бағыттары аса маңызды. Ал тарифтерге келсек, биылға жоспарланған шаралардың барлығын орындадық", - деді ол.

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың "Неліктен реформаларды біртіндеп енгізуге болмайды" деген сұрады.

"Болмайды. ТКШ және тарифтік реформалар өзара тығыз байланысты. Оларды не бюджет есебінен, не тарифтік тетік арқылы ғана жүзеге асыруға болады. Бірақ бюджетте бұл мақсатқа қаражат жоқ, ал Ұлттық қор қаражатын жұмсау орынсыз", - деп түсіндірді Серік Жұманғарин.

Айнұр Мұхади
Дүйсенбі, 10 Қараша, 2025 18:41
Талқылау