Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық боксшылар әлем чемпионатында 7 алтын жеңіп, топтық тізімде көш бастады

Фото: Ұлттық олимпиада комитеті

Қазақстан боксшылары Ливерпульде өткен әлем чемпионатында 10 медаль жеңіп, көш басына шықты. Оның ішінде спортшылар 7 алтын медаль иеленді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Англияның Ливерпуль қаласында жаңа халықаралық ұйым World Boxing аясында ұйымдастырылған алғашқы әлем чемпионаты 15 қыркүйекке қараған түні аяқталды. Жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы командалық есепте бірінші орынға шықты.

Медальдар кестесі (әлем чемпионаты – 2025, Ливерпуль):

– Қазақстан — 7 алтын, 1 күміс, 2 қола;

– Өзбекстан — 6 алтын, 2 күміс, 3 қола;

– Үндістан — 2 алтын, 1 күміс, 1 қола;

– Бразилия — 1 алтын, 3 күміс;

– Польша — 1 алтын, 2 күміс.

медаль тізімі

Барлығы әйелдер арасында он, ерлер арасында он салмақ дәрежесі бойынша өткен бәсекеде Қазақстан қоржынына жеті алтын түсті. Әйелдер құрамасы медальдық есепте топ бастаса, ерлер құрамасы екінші орыннан көрінді.

Қазақстанға алғашқы алтынды 50 келіге дейінгі салмақта Санжар Ташкенбай алып берді. Одан кейін Махмұд Сабырхан (55 кг) әлем чемпионы атанды.

Әйелдер арасында Алуа Балкибекова (51 кг) түрік боксшысын жеңіп, алтынға қол жеткізді. Ал Аида Әбікеева (65 кг) өзбекстандық қарсыласынан басым түсіп, жеңіс тұғырынан көрінді. Сондай-ақ 19 жастағы Торехан Сабырхан дебюттік әлем чемпионатында алтын медаль еншіледі.

Әйелдер құрамасының жеңісті жолын Наталья Богданова түйіндеді — ол 70 келіге дейінгі финалда қарсыласын жеңіп, командаға шешуші алтынды сыйлады.

Жарыстың соңғы айқасында жалпы есептің тағдыры шешілді. Қазақстандық Айбек Оралбай өзбек Жахонгир Зокировты тізе бүктіріп, жетінші алтынды қоржынға салды. Бұл жеңіс Қазақстан құрамасының бас жүлдені иеленуіне жол ашты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев чемпионатта жоғары нәтиже көрсеткен боксшыларды құттықтады. 

"Ливерпульде өткен бокстан Әлем чемпионатында ұлттық құраманың жеңіс жолын Алуа Балқыбекова, Аида Әбікеева, Төрехан Сабырхан, Наталья Богданова, Айбек Оралбай жалғастырды. Қазақ боксшылары әлем біріншілігінде керемет нәтиже көрсетті. Әйтсе де алдымызда АҚШ-та өтетін Олимпиада ойындары күтіп тұр. Соған қазірден бастап дайындалу қажет. Қазақ бокс мектебінің мерейі әрдайым үстем болсын!" – деп жазды Президент Instagram парақшасында.

Назархан Уән
Дүйсенбі, 15 Қыркүйек, 2025 08:13
Талқылау