Қазақстан билігіне 177 миллиард теңге көлемінде қаражат қайтарылды: Ақша қайда жұмсалады
Активтерді қайтару жөніндегі жұмыс шеңберінде арнаулы мемлекеттік қор бүгінде 177 миллиард теңгеден астам ақшалай қаражатпен толықтырылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: pixabay.com
Мәліметтерге сенсек, тізілім субъектілерімен жасалған келісімдердің нәтижесі бойынша шамамен 147 миллиард теңге, процестік келісімдері бойынша 19 миллиард теңге түсті. Ал активтерді өткізуден 6 миллиард теңгеден астам, соттардың шешімдері бойынша шамамен 5 миллиард теңге және жылжымайтын мүлікті жалға беруден 165 миллион теңгеден астам қаражат берілген.
Өткізілген активтердің ішінде екі вилла, әкімшілік ғимарат, тұрғын үй, пәтер, жер учаскесі және екі сәнді автокөлік бар.
"Активтерді табысты өткізудің бір мысалы ретінде Алматы қаласындағы жер учаскесін келтіруге болады. Ол "Заңсыз иемделген активтерді мемлекетке қайтару туралы" заң субъектісінен 176 миллион теңге бағамен қабылданған. Кейін 657 миллион теңгеге, яғни бастапқы бағалау құнынан төрт есе артық сатылған. Сонымен қатар тізілім субъектілерімен келісімдер бойынша арнаулы мемлекеттік қорды 150 миллиард теңгеден астам сомаға ақшалай қаражатпен қосымша толықтыру туралы болжам бар", – делінген хабарламада.
Барлық қайтарылған қаражат елдің әлеуметтік және экономикалық жобаларын іске асыру үшін пайдаланылады. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр.
Еске салайық, бұған дейін "Атамекен" палатасының экс-басшысы Мырзахметовтің ісі бойынша мемлекетке 7 миллиард теңге қайтарылғанын жаздық. Агенттік мәліметінше, жалпы жыл басынан бастап аяқталған қылмыстық істер шеңберінде мемлекетке шамамен 195 млрд теңге көлемінде қаржы қайтарылған. Ал кейінгі 2,5 жылда, оның ішінде олигополиялар тарапынан Қазақстанға 1,09 трлн теңге қайтарылды.