Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан билігі Ресей азаматтарына ЖСН нөмірін алуды жеңілдетті

ҚР Цифрландыру министрі Бағдат Мусин Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, Ресей Федерациясынан келген азаматтар легі шынымен көп екенін, операторлардың алдында ұзын-сонар кезекте тұрғандардың санында есеп жоқ екенін айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Министр мобилизациядан Қазақстанға қашып келген ресейліктердің ортасында тұрып, олар үшін ЖСН алуды жеңілдетуге уәде берді.

"Енді ЖСН алуға өтініш берген адамдарға екінші рет келудің қажеті жоқ, ЖСН олардың телефон нөміріне 1414 қызметінен СМС-хабарлама түрінде жіберілетін болады. Бұл дайын ЖСН алу үшін кезекте тұрған барлық ХҚКО клиенттеріне қатысты. Бұл өз кезегінде адамдардың халыққа қызмет көрсету орталықтарында шоғырланбауының алдын алады", - деп түсіндірді Мусин.



Бағдат Мусин сондай-ақ мобилизациядан қашқан ресейліктер үшін банк картасын ашу да оңай болатынына сендірді.

"Бүгін біз екінші деңгейлі банктерге ЖСН деректер базасында берілетіні туралы ақпаратты жеткіземіз, нөмірді енгізген кезде кез-келген азамат туралы ақпарат автоматты түрде шығатын болады. Біз жағдайды бақылауда ұстаймыз", - деп түйіндеді министр.

Айта кетейік, Владимир Путин Ресейде жартылай мобилизация жариялаған күн - 21 қыркүйектен бастап Қазақстанға 98 мың ресейлік келген.

Талқылау