Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Тамақ арзан, пәтер табу қиын”: Ақтөбеде мобилизациядан қашқан ресейліктер босып жүр

Ресеймен шекаралас жатқан Ақтөбе облысында мобилизациядан қашқандар легі күн санап артуда. Қазір өңірде жалға берілетін пәтер құны шарықтап кеткен. Stan.kz тілшісі пана таба алмай, бас ұрып жүрген ресейліктермен тілдесіп, жағдайларын білді. 

Кремльдің "ішінара мобилизация" жариялауы соңғы аптада Ресей қоғамын дүрліктіріп жіберді. Елдің 20-55 жас аралығындағы ер азаматтары көрші елдерге қашып жатыр. Ресеймен шекаралас Ақтөбе облысының Жайсаң және Әлімбет бекеттерінен өтушілер күндіз-түні үзілмейді. 

Ақтөбе облысындағы көші-қон қызметінің алды да ресейліктерге толы. Солардың бірі –30 жастағы Александр. 

“Елімізде мобилизация болатыны туралы алдын ала қауесет тарады. Алғашында әзіл деп қабылдадық. Мәлімдемеден кейін әрекет жасау керек деген ойға келдік. Біз бейбітшілікті қолдаймыз, сондықтан соғыстан осылай қаштық. Шекарада 30 сағаттай тұрдық. Қиындық болмады, тек шекарадан өту кезінде кезек ұзаққа созылды. Біздің осы қалада туыстарымыз бар. Сондықтан такси қызметі, баспана табу қиынға түспеді. Туыстарымыздың айтуынша, бұрын жалдау құны 58 мың теңге тұрған 1 бөлмелі пәтерлер қазір 200 мың теңгеге, тіпті одан да жоғары бағаға көтерілген. Азық-түлік бағасы Ресейге қарағанда 30 пайызға дейін арзан екенін көрдік”,- дейді Ресей азаматы. 

Сырттан келген азаматтар қала көшелерінде, тамақтану орындарында көп. Көпшілігі баспана табудың қиын екенін айтады. Пәтерді жалға беретін бірнеше жарнамаға біз де хабарласып көрдік. Көбі бос емес. Баспанасыз қалған кейбір ресейліктерді қонақжай қазақ халқы үйіне ақысыз кіргізіп жатыр. 

“Мен әскери шақырту алмадым. Шақырту алған адам қарсылық таныта алмайды, міндетті болады. Қателеспесем, заң бойынша шақыртуға қарсылық білдірген адамды 10-15 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген. Өзім 2015-2017 жылдары Украинада тұрдым. Оның үстіне әскери мамандығым бар. Уақыт оздырып, тәуекелге бара алмадым. Сол үшін де елден кету керек деген шешім қабылдадым. Жергілікті қазақ азамат үш күн тегін тұруыма рұқсат берді. Алғашында ол кісі тәулігіне 1000 рубль (шамамен 7000 теңге) сұрады. Қаражаттан қиналып тұрғанымды айтқанда ол кісі ақшаға алаңдамай, тегін тұруыма болатынын айтып, мені тамақтандырды”,- дейді ол.

Украинаға соғысқа 300 мың адамның шақыртылатынын естігендер елден тұра қашқандарын жарыса айтады. 

“Бірден жиналып, осында жолдастарымызбен келдік. Төрт адам болып таксиге 150 мың теңге төледік. Пәтер табу қиын. Бірақ бұл жақта тамақ арзан екенін байқадық. Жұмыртқа, нан, сүт сияқты күнделікті алатын тағамдар бағасы әлдеқайда төмен”,- дейді Сергей есімді Ресей азаматы. 

Қазір Ақтөбе қаласындағы “Жекпе-жек” спорт кешенінің атшаптырым алаңында “Азаматтарға арналған үкімет” орталығының мамандары ресейліктерге қызмет көрсетіп жатыр. Орын әкімдіктің қолдауымен ұйымдастырылған.

“Азаматтарға арналған үкімет” орталығына жүгінетін жергілікті тұрғындарға кедергі келтірмес үшін осындай жағдай жасалды. Мұнда 24 үстел қойылды. ЖСН тегін беріледі”,- дейді "Азаматтарға арналған үкімет" өкілі Әсел Дәрменқұлова.

Дайындаған: Ардақ Ерубаева

Талқылау