Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан "Бейбітшілік кеңесіне" мүше болу үшін 7 миллиард доллар бөлді ме

Фото: Carlos Garcia Rawlins / Reuters

Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Қазақстан тарапынан Газаға қандай көмек көрсетілетінін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Журналистер Жұманғариннен Дональд Трамп құрған Бейбітшілік кеңесіне кіру үшін Қазақстан қанша қаржы бөлгенін сұрады.

“Әзірге ешқандай қаражат аударған жоқпыз. Біз тұрақтандыру аясында дала госпиталімен бірге медицина қызметкерлерін жіберуге дайынбыз. Сонымен қатар студенттерге білім алу үшін гранттар бөлуге, азық-түлік түрінде гуманитарлық көмек көрсетуге әзірміз. Жалпы көмектің басым бөлігі осындай жолмен көрсетіледі. Оның құнын бағалауға болады.? Мұнда нақты бір сома айтылды, сол ғана енгізіледі деп қарастырудың қажеті жоқ. Бұл жан-жақты көмек, оның негізгі бөлігі гуманитарлық сипатта болады”, – деді Серік Жұманғарин.


Қазақстан Газаға әскер жібермек: Трамп Тоқаевқа алғыс айтты


Давоста өткен кеңестің қол қою рәсімінде Тоқаев пен Трамптың не туралы сөйлескені белгілі болды


Министр Қазақстан тарапынан Бейбітшілік кеңесіне аударатын нақты бір сомасы қарастырылып жатыр ма деген сауалға жауап берді. 

“Бұл мәселе үкімет деңгейінде әлі талқыланған жоқ. Сондықтан сіздерге жаңа ғана айтқан жауабым соңғы жауап”, – деді министр.

Бұл мәселеге қатысты Сыртқы істер министрлігі де түсініктеме берді.

Ведомствоның мәліметінше, президент Вашингтонда өткен “Бейбітшілік кеңесінің” инаугурациялық отырысында сөйлеген сөзінде Қазақстан Газаны қалпына келтіру үдерісін қолдауға ниетті екенін айтқан.

“Қазақстанның үлесі негізінен гуманитарлық бағытта болады. Оның ішінде инфрақұрылымды қалпына келтіру, тұрғын үйлер, мектептер, ауруханалар және басқа да маңызды азаматтық нысандар салуға қолдау көрсету қарастырылған. Сонымен қатар гуманитарлық көмекті жеткізу және палестиналық студенттерге білім беру стипендияларын ұсыну жоспарланып отыр”, – делінген хабарламада.

 

Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, Қазақстан Халықаралық тұрақтандыру күштерінің құрамына әскери-медициналық бөлімше жіберуге дайын екенін білдірген. Сонымен қатар азаматтық-әскери үйлестіру орталығына бақылаушылар ұсынуға әзір екенін мәлімдеген. 

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаев Қазақстанның Газа секторына әскер жібермейтінін мәлімдеді.

“БАҚ-та Қазақстан Газаға әскери контингент жіберуі мүмкін деген мәселе талқыланды. Осыған байланысты көпшілікті ресми дереккөзге сүйенуге шақырамыз. Мемлекет басшысы өз сөзінде Қазақстан халықаралық тұрақтандыру күштерін қолдауға дайын екенін айтты. Еліміз далалық госпиталі бар медициналық бөлімшелерді, азаматтық-әскери үйлестіру орталығына бақылаушыларды жіберуге дайын. Демек біз тек гуманитарлық көмек жеткіземіз деген сөз”, – деді Жетібаев.

Оның айтуынша, әскери қызметкерлерді немесе мамандарды жіберу туралы шешім қолданыстағы заңнамаға қатаң сәйкес қабылданады.

Еліміздің “Бейбітшілік кеңесіне” қосылуына қатысты түрлі алыпқашпа әңгімелер тарады.

“Қазақстанның “Бейбітшілік кеңесіне” қосылуы еліміздің ұлттық мүдделеріне толық сәйкес келеді. Бұл елдің сыртқы саясатының бағытына сай. Бұл саясат диалогты дамытуға, халықаралық қауіпсіздікті қолдауға және көпжақты ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған. Қаржыландыру мәселесіне келсек, Қазақстан “Бейбітшілік кеңесіне” ешқандай қаржылық жарнасыз қосылды. Жарғыда көрсетілген 1 миллиард  доллар көлеміндегі ерікті жарна мүшелікке кіру үшін қойылатын міндетті шарт емес”, – деді Жетібаев. 

Айта кетейік, бұған дейін Трамп Дүниежүзілік Бейбітшілік Кеңесіне мүше елдердің Газаға гуманитарлық көмек пен қалпына келтіру жұмыстарына 5 миллиард доллардан астам қаржы бөлуге уәде бергенін жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Сәрсенбі, 04 Наурыз, 2026 15:34