Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.
«Қазақстан Барысының» үш дүркін чемпионы Бейбіт Ыстыбаевтың өмірбаяны
Stan.kz ақпарттық агенттігі қазақстандық жауынгер, қазақша күрестен өткен «Қазақстан барысы» турнирінің чемпионы, Еуразия барысының алтын белбеу иегері Бейбіт Ыстыбаевтың өмірбаянын ұсынады.
Қазақ күресінен 22 рет бас бәйгені еншілеген балуан, Тараз Арланы деген лақап атпен танылған Бейбіт Ыстыбаев 1985 жылы 9 мамырда Жамбыл облысы Талас ауданының Көшек батыр ауылында дүниеге келді.
Қазақ күресін асқақтытып жүрген батырымыз 6 жасқа дейін атасы Көлбайдың қолында тәрбиеленеді. Алты жасында ата-анасымен бірге туған ауылынан Тараз қаласына көшіп кетті.
Әкесі Әбдірахман Көлбайұлы базарда саудамен айналысқан, ал анасы Ляззат үй шаруасындағы әйел. Өзінен үлкен Сейілхан есімді ағасы мен, Эльмира атты қарындасы және Аян есімді інісі бар.
Болашақ балуан 10 сыныптан бастап спортқа қызығушылық танытады. Оның спорт әлеміне келуіне жеке бапкері Елдос Далабаев тікелей себепкер болады. Бейбіт мектеп қабырғасында оқып жүрген кезінен бастап көптеген жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болды.
Қазақ күресінен алдына жан салмайтын балуан осындай жарыстарға қатысып жүріп, алғаш рет 20 жасында темір тұлпар ұтып алады. Осылайша, жас жүлдегер біраз шыңдалып, үлкен спорттық сайыстарға қатысып, жүлделі орындарды иеленді. Бейбіт заңгер мамандығы бойынша білім алғанымен, қазақ күресі арқылы танылды.
2011 жылы Бейбіт қазақ күресінен өткен «Қазақстан Барысы» республикалық турнирінің күміс жүлдегері атанды.
2012 жылдың қыркүйек айында «Қазақстан Барысы» қазақ күресінен ҚР Президентінің жүлдесі үшін өткен ұлттық күресті жеңіп алды.
2014 жылдың наурызында Тараз арланы Әйгерім есімді аруға үйленеді. Ерлі-зайыптылардың Бексұлтан есімді ұлдары мен бір қызы бар.
2015 жылдың шілде айында ол екінші рет өткізілген «Қазақстан Барысы» республикалық турнирінің жеңімпазы атанды. Осылайша, балуан байқаудың басты жүлдесі – «Алтын тайтұяқ» кубогымен алтын белбеуді иеленді. Сондай-ақ, 150 мың долларға чек және мемлекет басшысының атынан медаль мен құттықтау хат алды.
Үйге оралғаннан кейін оны облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев қабылдап, оған су жаңа автокөлік сыйлады.
2016 жылдың шілдесінде Бейбіт Ыстыбаев «Қазақстан Барысы-2016» турнирінің үш дүркін чемпионы болды. Бұл сайыста ол сыйлық ретінде чемпиондық белбеумен қатар, 25 миллион теңге және Астананың төрінен пәтер алды.
Бейбіттің қызығушылығы туралы айтатын болсақ, ол спортпен шұғылданғанды, атқа мінгенді жақсы көреді.
Қазақ күресінен әлем және Азия чемпионы, «Қазақстан Барысы» турнирінің үш дүркін жеңімпазы Бейбіт Ыстыбаев 2017 жылы өз мансабын аяқтайтынын хабарлап, өзінің орнын басатын балуан дайындағысы келетінін мәлімдеді.
Осылайша, қазақ күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанған Ыстыбаев сол жылы облыстық күрес спорт клубының директоры болып тағайындалды.