Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан банктері 2026 жылдың қаңтарында 198,6 млрд теңгеден астам пайда тапқан

Қазақстан банктері 2026 жылдың қаңтарында 198,6 млрд теңгеден астам пайда тапқанФото: depositphotos.com

2026 жылдың қаңтар айының қорытындысы бойынша Қазақстанның банк секторы 198,6 млрд теңге көлемінде таза пайда тапқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Көрсеткіш 2025 жылдың желтоқсанымен салыстырғанда 9 пайызға, ал 2025 жылдың қаңтарымен салыстырғанда 13 пайызға төмен.  Ұлттық банк статистикасына сәйкес, соңғы бес жылда жыл басындағы ең әлсіз нәтиже тіркеліп отыр.

Сарапшылардың мәліметінше, сектордағы жалпы пайданың 67 пайызы үш ірі банкке тиесілі. Атап айтқанда, Halyk Bank, Kaspi Bank және Банк ЦентрКредит (БЦК) көш бастап тұр.

Қаңтар қорытындысы бойынша ең жоғары таза пайда көрсеткен банктер:

Halyk Bank – 70,6 млрд теңге;

Kaspi Bank – 41,6 млрд теңге;

Банк ЦентрКредит – 20,6 млрд теңге;

ForteBank – 12 млрд теңге;

Alatau City Bank – 8,8 млрд теңге.

Алтыншы орынға 7,4 млрд теңге табыспен Citibank Kazakhstan филиалы жайғасты. Одан кейін 5,1 млрд теңгемен Отбасы банк тұр. Сондай-ақ Freedom Bank 3,5 млрд теңге, Қазақстандағы Банк ВТБ еншілес ұйымы 3,45 млрд теңге және Bank RBK 3,3 млрд теңге пайда көрсетті.

Жылдық динамикада ең ірі банктердің табысы айтарлықтай қысқарды. Атап айтқанда, Halyk Bank пайдасы 12,8 млрд теңгеге, Еуразиялық банк 6,4 млрд теңгеге, ал Alatau City Bank 5,2 млрд теңгеге азайған.


Назарбаевқа тиесілі ресейлік банктің таза пайдасы 2021 жылдан бері 10 есе өсті


Ірі банктердің ішінде тек Банк ЦентрКредит қана 2025 жылдың желтоқсанымен салыстырғанда таза пайдасын арттыра алған. Қаржы ұйымының айлық өсімі 58 пайызды құраған. Алайда жылдық салыстыруда аталған банктің пайдасы 36 пайызға төмендегені байқалады.

Керісінше, Freedom Bank былтырғы шығыннан кейін биыл 3,5 млрд теңге пайдаға шығып, ең жоғары өсім көрсеткен қаржы ұйымы болды.

Сарапшылар банк секторы табысының динамикасы нарықтағы жалпы экономикалық ахуал мен несиелік белсенділікке тікелей байланысты екенін айтады.

Еске салсақ, Ұлттық банк 2025 жыл қорытындысы бойынша Қазақстан банктерінің таза пайдасы туралы толық мәлімет ұсынған. Оған сәйкес, өткен жылы Halyk Bank және Kaspi Bank әдеттегідей ең жоғары нәтиже көрсеткен. Ал бір жылдағы ең жоғары өсім исламдық Заман банкте тіркелген еді.

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 03 Наурыз, 2026 20:50