Еліміздің бір аймағында Ұлы отан соғысының қатысушыларына үш миллион теңгеден төленеді
Қарағанды облысында Жеңістің 80 жылдығына орай Ұлы отан соғысы қатысушылары мен ардагерлеріне төлем беріледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: pixabay.com
Облыс әкімдігінің мәліметтер бойынша, қазір Қарағанды облысында 3 240 ардагер тұрады. Оның ішінде Ұлы Отан соғысының тоғыз қатысушысы бар. Өңірде Жеңістің 80 жылдығын мерекелеуге дайындық басталып кеткен.
"Жеңістің 80 жылдығын мерекелеу басталды. Ұлы Отан соғысының ардагерлері Қали Аманбаев пен Камали Дүйсембековтің 100 жылдығына арналған іс-шаралар өтті. Қазіргі уақытта соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің әлеуметтік мәселелерін шешу бойынша жұмысты үйлестіретін облыстық және өңірлік штабтар құрылуда", - деді ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов.
Қарағанды облысында Жеңіс күніне берілетін біржолғы материалдық көмек сомасы белгілі. Мұнда Ұлы Отан соғысына қатысушылар үш миллион теңгеден алады.
Сондай-ақ ардагерлерге, концлагерь тұтқындарына және қоршаудағы Ленинград тұрғындарына – 200 мың теңге, тыл еңбеккерлеріне – 100 мың теңге, ҰОС жылдарында қаза тапқан сарбаздардың жесірлері мен әйелдеріне – 50 мың теңге жәрдемақы төленеді.
Сонымен қатар, мерейтойлық медальдар беріледі.
"Ардагерлердің ешқайсысы назардан тыс қалмайды. Ешкімді ұмытпау маңызды", – деп атап өтті облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
Ол Жеңістің 80 жылдығына арналған іс-шараларды өткізуге қатысқан басқарма басшылығына тапсырма берді.