Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан Ақжаркын Тұрлыбай ісіне қатысы бар басты күдіктіні экстрадицияламақ

Фото: Адвокат Сұңқар Нұрмағанбетовтың Facebook парақшасынан

Қазақстан Ақжаркын Тұрлыбай ісіне қатысты фигуранттардың бірі Нигерия азаматы Адинду Нонсо Фортунаны экстрадициялауға әрекет етіп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Бәрі неден басталды?

2014 жылы алматылық студент Ақжаркын Тұрлыбай Қытайға барады. Оның айтуынша, таныстары, олардың ішінде Нигерия азаматы Адинду Нонсо Фортуна болған. Ол Ақжарқынға қосымша табыс табуды ұсынып, Гуанчжоудан Малайзияға брендтік заттар алып өтуді сұраған. Алайда ұшып шықпақ болған кезде қызды Қытайда ұстаған. Осылайша оның сөмкесінен есірткі табылған.

2015 жылы Қытайдың Гуандун провинциясындағы сот Ақжарқынды есірткі контрабандасы үшін өмір бойына бас бостандығынан айырды. 2021 жылы Қытай оны Қазақстанға қайтарудан бас тартты.

Бас прокуратура не дейді?

Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев күдіктіні экстрадициялауға тырысатынын айтты. 

“Біз бұл істі бақылаудан шығармаймыз және оның экстрадициясына қол жеткізуге тырысамыз. Қазір Интерпол күдіктінің қай жерде екенін анықтауы тиіс. Орналасқан жері белгілі болғаннан кейін экстрадициялау механизмі іске қосылады”, – деді ол.


Қажеттінің бәрін істедік – Сыртқы істер министрлігі өкілі Қытайда қамауда отырған Ақжарқын Тұрлыбай туралы


"Бәрі біз ойлағандай оңай емес": Қытайда сотталған Ақжарқын Тұрлыбай елге қайтарыла ма


Қазақстанға күдіктінің экстрадициясы не үшін қажет?

Алматы полициясы Нигерия азаматы Адинду Нонсо Фортунаға қатысты есірткі айналымына байланысты қылмыстық істі тергеп жатыр. 2022 жылы Интерпол Адинду Нигерияда болуы мүмкін екенін хабарлаған. Осыдан кейін Қазақстан оны ұстап беру туралы ресми сұрау жолдады. Бұл сұрау әлі қаралып жатыр. 

Бұған қоса, Қазақстан мен Нигерия арасында экстрадиция туралы келісім жоқ. Сол себепті шешім қабылдау мерзімі нақты белгіленбеген. Оны Нигерия өз бетінше шешеді. Қазақстан дипломатиялық арналар арқылы сұрауды бірнеше рет еске салған.

Ақжаркынның жағдайы

2024 жылдың қазанында Бас прокуратура Ақжаркын Тұрлыбайдан жазасын Қазақстанда өтеуге тілек білдірген арыз түскенін хабарлаған.

Биыл көктемде Ақжаркынды Қазақстанға экстрадициялайтыны туралы қауесет тараған еді, алайда Бас прокуратура бұл ақпаратты растамады.

Еске салайық, 2015 жылдың маусым айында Гуандун соты Ақжарқын Тұрлыбайды есірткі контрабандасы үшін айыптап, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесті. 2021 жылы Қытай тарабы Қазақстан азаматы Ақжарқын Тұрлыбайды Қазақстан Республикасына экстрадициялаудан бас тартты.

Жұмаділлә Нұрила
Жұма, 31 Қазан, 2025 15:03
Талқылау