Қазақстан Ақтаудағы апаттан кейін әуежайларды, ұшақтар мен ұшқыштардың біліктілігін тексереді
Премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстандағы әуежайлар мен ұшақтардың жағдайын тексеру үшін жоспардан тыс аудит жүргізуді тапсырды. Үкімет басшысы Ақтау маңындағы әуе апатынан дұрыс қорытынды шығару керек деп есептейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Global Look Press
Үкімет басшысы Олжас Бектенов жауапты тұлғаларға Қазақстанның авиациялық қауіпсіздігін күшейтуді тапсырды.
"Бұл қайғылы оқиға елімізге ұшу қауіпсіздігі үшін де белгілі бір шараларды қабылдау қажет екенін көрсетеді. Бірінші кезекте жоспардан тыс тексеру жүргізіп, әуежайлар мен әуе кемелерінің техникалық жағдайын ерекше бақылауға алу қажет. Қабылданатын шаралар аясында авиакомпаниялардың әуе кемелерінің экипаждарының біліктілігін, рұқсаттарын және құзыретін қайта тексеру қажет", – деді Бектенов.
Сондай-ақ премьер-министр апаттық-құтқару механизмін жетілдіруді тапсырды.
"Бұл жағдайдан дұрыс қорытынды шығарып, болашақта мұндай оқиғаның алдын алу үшін нақты ұсыныстар әзірлеуіміз керек", – деді Бектенов.
Айта кетейік, 25 желтоқсанда Әзірбайжан әуе компаниясына тиесілі Embraer E190AR ұшағы Ақтау қаласындағы әуежай маңында апатқа ұшыраған еді. Бортта 67 адам болған. Оның 38-і қаза тауып, 29 адам Маңғыстау облыстық ауруханасында ем абылдап жатыр. Апаттың алдын ала себебі оның құстарға соғылуынан екені айтылды.