Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан папиллома вирусына қарсы вакцина сатып алуға 10 миллиард теңге бөлмек

Премьер-министр Олжас Бектенов үкімет қаулысына қол қойып, адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы вакцина сатып алуға және Қазақстанда аталған екпе жұмысын жүргізуге резервтен қаражат бөлінгенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

папиллома

Фото: hightech.fm

Үкімет баспасөз қызметінің дерегінше, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың бюджеттеріне 351 мыңнан астам дозасы мөлшерінде вакцина сатып алу үшін алдағы нысаналы трансферттер түрінде 9,7 миллиард теңгеден астам қаражат аударылады. 

Адам папилломасы вирусынан туындаған жатыр мойны обыры (ЖМО) – әлемдегі ең көп таралған қатерлі ісіктердің бірі және ол анықталған барлық жағдайдың құрылымында 13,1%-ға дейін кездеседі. Жыл сайын одан 300 мыңға жуық әйел көз жұмады. 

Қазақстанда ЖМО барлық жастағы әйелдер арасында қатерлі ісіктің басқа түрлері ішінде таралуы бойынша екінші орында тұр. Жыл сайын республика бойынша 1900-ге жуық жаңа жағдай тіркеледі, 600-ден астам әйел осы патологиядан қайтыс болады.



АПВ-на қарсы және ЖМО дамуымен күресудің жалғыз әдісі – вакцинация. ҚР Ұлттық вакцинация күнтізбесіне сәйкес және ДДҰ ұсынымын ескере отырып, АПВ-ға қарсы екпе салу 11 жастағы қыздарға 6 ай аралық мерзіммен екі рет жүргізіледі.

Бұл ретте Қазақстанда АПВ-ның неғұрлым онкогенді түрлерінен (6, 11, 16, 18) қорғайтын төрт валентті вакцина қолданылады.

Еске салайық, бұған дейін Ватерлоо университетінің канадалық ғалымдары жасанды интеллект (AI) көмегімен бұрын анықталмаған 191 астровирусты анықтап шыққанын жаздық. Зерттеу Frontiers in Molecular Biosciences (FMB) ғылыми журналында жарияланды. Астровирустар әлемдегі ең жойқын және кең таралған патогендердің бірі болып саналады. Адамдарда олар ауыр диареяны тудырып, жыл сайын бес жасқа дейінгі 440 000-нан аса баланы өлтіреді.

Талқылау