"Қазақша жауап беру – мәдениеттің көрінісі емес": Қазақстандықтар Chocolife басшысын айтқан сөзі үшін сынға алды (видео)
Әлеуметтік желіде Chocolife компаниясының директоры Рамиль Мухоряповтың ресейліктермен кездесуде айтқан сөзі қызу талқыға түсті. Кездесу барысында компания басшысы шетелдіктерге қазақ тілінде жауап беру “мәдениеттің көрінісі емес” екенін айтқан. Алайда кейін жазба жариялап, азаматтардың дұрыс түсінбей қалғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Сурет: Рамиль Мухоряповтың Instagram-парақшасынан
Видеодан әйелдің Ресейден келген азаматтарға қазақ тіліне қатысты түсіндіріп жатқанын көруге болады.
"Егер сізге орыс тілінде емес, қазақ тілінде сөйлесе, бұл – агрессия емес. Түсіністікпен қарауға тырысыңыздар. Жек көру туралы айтудың керегі жоқ", – дейді ол.
Алайда спикердің сөзін бөлген Рамиль Мухоряпов қазақ тілінде жауап беру "мәдениеттің көрінісі емес екенін" мәлімдеді.
"Адам орыс тілін расымен білмесе, жарайды. Өйткені бұл бір түрлі, ұлтшылдықтың көрінісі. Мұны түсінуге болады. Иә, алайда бұл – мәдениеттің көрініс емес", – деді ол.
Видео Қазнетте қызу талқыға түскен соң Рамиль Мухоряпов өз сөзіне түсіндірме беріп, жазба жариялады. Оның пайымдауынша, желі қолданушылары дұрыс түсінбей қалған.
"Қазақстанға ақылды және көзі ашық адамдардың келгені өте жақсы. Егер олар елде қалса, тіптен жақсы, себебі бұл – білім мен салықтың ағыны. Индрайвер Қазақстанға 540 адамды көшірді, жүзден аса өз азаматтарымызды жұмысқа алды. Бір жылда 9 миллиард теңге жалақы төледі.
Өз басымдығыңды көрсету, көмектеспеу, бағаны көтеру – дұрыс емес. Бұл тек шетелдіктерге қатысты емес, өз жерлестерімізге де қатысты", – деді ол.
Сонымен қатар Мухоряпов орыс тілмей-ақ шетелдіктерге көмектесуге тырысудың дұрыс іс екенін қосып өтті. Айтуынша, мұндай әрекет нағыз қонақжай елдің азаматы екенін көрсетеді.
"Егер орыс тілін біліп, бірақ өзіңнің басымдығыңды көрсету үшін қазақ тілінде жауап берсең, сенің жаныңда қазақтың қонақжайлылығы жоқ.
Мен қазақ тілін құрметеймін, Қазақстан – менің Отаным! Менің сөздерімді дұрыс түсінбегенін қаламаймын. Мен кез келген қысымға қарсымын", – деп аяқтады компания басшысы.
Ал Chocolife компаниясы холдингте қазақстандықтарды жұмыстан шығарып, ресейліктерді қабылдап жатқаны туралы ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді. Сөздерінше, қазір компанияда 650-ге жуық қызметкер және олардың 100%-ға жуығы қазақстандықтар екен.
“Біздің парақшаларымызда мемлекеттік тілдегі контентте олқылықтар бар екенін көріп жүрміз. Біз бұл кемшілігімізді мойындаймыз, алдағы уақытта қазақ тіліндегі контент барлық парақшаларда қолжетімді болады", – делінген жазбада.