Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақша мультфильмдерді таспалауға 350 миллион теңге бөлінеді

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов қазақ тілінде мультфильмдер шығаруға 350 миллион теңге бөлу туралы норма заңға енгенін еске салды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: pixabay.com

Асхат Аймағамбетов өзінің Telegram арнасында қазақша және қазақ тіліне сапалы аударылған мультфильмдердің аз екенін айтып мәселе көтерді. Депутат қазақ тілінде мультфильмдер өте аз, ал YouTube сияқты қолжетімді платформаларда мүлдем жоқтың қасында деп наразы болды. 

"Бүгінде бұл үлкен мәселе, өйткені балалар теледидардан гөрі интернет пен YouTube-ты көбірек таңдайды. Балалар "Синий трактор" мен "Маша и Медведь" сияқты мультфильмдермен шектелмей, сапалы әрі қызық қазақша мультфильмдерді көруге тиіс. Осы мақсатта, келесі жылдың бюджет жобасын қарастыру барысында, қазақша мультфильмдер жасауға 350 миллион теңге бөлуді және олардың тек теледидарға емес, міндетті түрде интернетке, соның ішінде YouTube-қа жүктелуін қамтамасыз ететін норманы заңға енгіздік. Бұл балалардың қазақ тілінде қызық контентке қол жеткізу мүмкіндігін кеңейтеді деп сенеміз", – деп жазды Асхат Аймағамбетов.



Еске салайық, бұған дейін "Ойжұмбақ 2" мультфильмінің қазақша аудармасы сынға қалғанын жазған едік. 13 маусымнан бастап “Ойжұмбақ 2” мультфильмі Қазақстанның барлық кинотеатрында көрсетіле бастады. Ал 14 маусымда тура бір күнде фильмнің қазақша нұсқасы 10 миллион теңге қаржы жинады. Бұл – қазақша дубляждың “Аватар. Су жолы” фильмінен кейінгі рекорды. Дегенмен қате жоқ емес. Біраз тіл маманы мультфильм жақсы дубляждалғанымен, мәтінде қате көп дейді. Олардың кейбір сөздердің аудармасына көңілі толмай, дұрыс нұсқасын ұсынды.

Талқылау