"Қазақша мәзір сұрағаным үшін қуып жіберді": Алматыда қонақтарға дөрекілік көрсеткен дәмхана сынға қалды
Фото: qazaq.alliance.in_korea
Алматыда орналасқан дәмханалардың бірінде қазақша мәзір сұраған қонақтарға әкімші "ұнамаса, келмей-ақ қойыңыздар" деп жауап берген. Бұл жағдай әлеуметтік желіде қызу талқыланып, оқырмандардың наразылығын тудырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Алматы қаласы, Радостовец көшесі, 72а мекенжайында орналасқан Park Avenue кафесіне барған қонақтарға даяшы "тек орысша мәзір бар" деп жауап берген.
"Қазақстанда тұрып, қазақша мәзір сұрағаным үшін қуып жібереді деп ойламаппын. Достарымызбен Алматыдағы Park Avenue кафесіне бардық. Бұған дейін де барған едім, тамағы жаман емес. Қазақша мәзір сұрасам, даяшы бізде тек орысша бар деді. Әкімшіні шақыртып едім, ол "Көбіне бізге орыс және кәріс ұлтының өкілдері келеді, сондықтан мәзір тек орыс тілінде" деп ақталды", – деп жазды qazaq.alliance.in_korea парақшасы.
Келушілердің айтуынша, жаздың ортасында барған кезде администратор қазақша мәзір бір аптада дайын болатынын айтқан. Бірақ арада бір жарым ай өтсе де, уәде орындалмаған.
"Қайта барғанда "әзірге типографияда" деп, балаша алдап тұр. Ұрыспай, тек ойымызды білдіріп едік, администратор "Егер сіздерге ұнамаса, келмей-ақ қойсаңыздар болады" деді. Бұл сөз намысымызға тиді. Шын мәнінде ол "қазақша мәзір керек болса, неге бізге келесіздер?" дегендей әсер қалдырды. Ақыры орнымыздан тұрып кеттік. Қазақстанда отырып, қазақ тілін менсінбеу бетімізге түкіргенмен бірдей. Сондықтан бірден E-Өтініш арқылы шағым қалдырдым. 2GIS қосымшасында да бір жұлдыз қойып, пікір жазып кеттім", – деді оқырман.
Автор өз жазбасында өзгелерді де қолдау көрсетуге шақырды. Оның айтуынша, теріс пікірлерден кейін артынша 15-20 оң пікір пайда болған. "Бұл пікірлердің ақшаға жазылғаны анық" деп санайды ол.
Бұл мәселеге қатытсы Park Avenue әкімшілігі жауап беріп, қонақтан кешірім сұрағанын айтты.
"Біз ол кісімен кездесіп, кешірім сұрадық. Кейін дайын болған қазақша мәзірімізді көрсетіп, мәселенің мән-жайын толық түсіндірдік. Әңгіме барысында олардың ешкімге реніш білдірмегенін, керісінше қазақша мәзір дайындағанымызға ризашылық айтқанын білдік. Сондай-ақ, қызметкерді қатаң жазаламауымызды өтінді. Екінші әкімшіміз өзге ұлт өкілі болса да, қазақша сөйлеп, жағдайды түсіндірді. Үлкен дау туындамас үшін арнайы жиналыс өткізіп, мәселені жан-жақты талқыладық. Қонақпен бірге видеоны қарап, барлық мәселені жақсы ниетпен шештік", – деп пікір білдірді Park Avenue.
Әкімшілік өкілдері әрбір қонаққа құрметпен қарайтынын, ешқашан дөрекі сөз қолданбайтынын айтты.
Фото: Мейрамхана әкімшілігінен
Еске салайық, бұған дейін Алматыдағы "Братский шашлык" кафесінде қазақша мәзір талап еткен азаматқа мекеме өкілі 2GIS қосымшасында "нацист", "фашист" деп жауап берген. Артынша пікірін өшіріп, пайдаланушыны бұғаттап тастаған. Кафе мемлекеттік тілде жауап беруге міндетті емес екенін де ашық мәлімдеген. Бұл жағдай әлеуметтік желіде қызу талқыға түсіп, жұртшылық дәмханаға бойкот жариялауға шақырды. Заң бойынша, тұтынушыларға арналған ақпарат қазақ тілінде берілуі тиіс екені атап өтілді. Кейін даудың ушығуына байланысты кафе ресми парақшасында кешірім сұрап, оқиғаға жауапты қызметкерді жұмыстан шығарғанын хабарлады.

Министр Нұртілеу ұсталды деген сыбыс қазақстандықтарды дүрліктірді: Бұл істің соңы немен бітті, Бажкенованы не күтіп тұр?
