Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақмыс пен Freedom Cloud жасанды интеллект пен өндірісті цифрландыруды дамыту үшін бұлтты жүйеге көшу процесін іске қосады

"Қазақмыс" корпорациясы мен қазақстандық Freedom Cloud IT-компаниясы Цифрлық технологиялар саласында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бірлескен жұмыс кәсіпорынның IT-инфрақұрылымын жаңғыртуға, өндірістік үдерістерге бұлттық шешімдер мен жасанды интеллектті енгізуге бағытталады.

Бұлттық жүйеге көшу компанияның барлық есептік және желілік ресурстарын біртұтас цифрлық ортада біріктіруге мүмкіндік береді, мәліметтің қауіпсіздігін және негізгі жүйенің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етеді.

"Бүгінгі таңда нарық пен технологиялар сенімділік, киберқауіпсіздік және негізгі үдерістерге толық бақылауды сақтай отырып бейінді емес қызметтерді кәсіби ойыншыларға біртіндеп тапсыруға мүмкіндік беретін деңгейге жетті. Біз бұл қадамға бір реттік жоба ретінде емес, өзара сенімге негізделген ұзақ мерзімді серіктестік ретінде қараймыз. Бұл біздің жүйелердің тұрақтылығы мен тиімділігін арттыруға, сондай-ақ цифрлық қызметті дамытуда жаңа мүмкіндік ашуға ықпал етеді. Бұл қадам екі компания үшін де ой елегінен өткізілген салмақты шешім және алға қарыштап дамудың бастамасы болды", – деп нақтылады "Қазақмыс корпорациясы" ЖШС Басқарма төрағасы Нұрахмет Нуриев.

2026 жылғы қаңтардан маусымға дейін "Қазақмыс" бұлттық инфрақұрылым мен жаңа цифрлық қызметтердің жұмысын сынақтан өткізетін ілкі жобаны жүзеге асырады.

Ілкі жоба келесідей мүмкіндік береді:  

•    деректерді өңдеу жылдамдығын арттырып, корпоративтік жүйелердің тұрақтылығын күшейтеді;  

•    жабдықты бақылау және оның тоқтап қалуын болдырмау үшін жасанды интеллект пен болжау аналитикасының элементтерін енгізеді;

•    кеңседен бастап кенішке дейін желінің кез келген нүктесінен цифрлық қызметтерге қолжетімділікті қамтамасыз етеді;  

•    қызметтерді автоматтандыру және қолмен орындалатын операцияларды азайту арқылы қызметкерлердің жұмысын жеңілдетеді.

Freedom Cloud компаниясы Tier III деңгейіндегі инфрақұрылымды резервтік көшірумен, киберқорғаумен және тәулік бойы мониторингпен қамтамасыз етеді. Осы шешімнің негізінде жасанды интеллект арқылы процестерді басқару технологиясын және DevOps жүйесін сынақтан өткізеді. Бұл жаңа цифрлық құралдарды жылдам енгізуге мүмкіндік береді.

"Елдегі ірі өнеркәсіптік компаниялардың бұлтты технологиялар мен жасанды интеллектке бет бұра бастауы  цифрлы экономиканың жаңа кезеңіне қадам басқанының белгісі. Біз "Қазақмысқа" тиімділікті арттырып қана қоймай, жасанды интеллект пен бұлтты шешімдерді қолдануда тұтас тау-кен металлургия саласына үлгі болатындай инфрақұрылым құрып жатырмыз", – деді Freedom Cloud компаниясының бас директоры Темірлан Зиналабдин.

Алдағы уақытта тараптар өнеркәсіптік алаңдарда мәліметті өңдеудің модульдік орталығын (МӨМО) құру және басқарылатын бұлттық қызметтерді енгізу бойынша ынтымақтастықты дамытуға ниетті. Бұл өндірістің тиімділігін арттырып, компания ішіндегі цифрлық қызмет сапасын жақсартуға көмектеседі.

STAN.KZ
Сәрсенбі, 19 Қараша, 2025 14:00
Талқылау