Күй мен қазақша quiz: Қазақы құндылықтарды жастар қалай жаңғыртып жүр
Коллаж: Stan.kz, фотолар жастардың жеке парақшаларынан
Қазақы құндылықтарды өз халқымызға және әлемге насихаттау әлеуметтік желі мен технология дамыған заманда кеңінен етек жая бастады. Қазір желіден парақша ашып, көпшілікке халқымыздың құндылықтарын таныстырып, кейбір тақырыптарды тереңінен зерттеуге мүмкіндік бар. Осы орайда Stan.kz ақпарат агенттігі бүгінде қазақы құндылықтарды жаңғыртып жүрген өнерлі, іскер жастарға шолу жасады.
Домбыра арқылы ортекені танытқан Толғанай
Қазақ халқының құндылықтарын танытып жүрген жастардың бірі – домбырашы Толғанай Хасен. Ол пандемия кезінде домбыра туралы пайдалы кеңестер бөлісіп, онлайн сабақ беріп, желі арқылы қазақтың күй өнері мен қара домбырасын насихаттай бастаған. Оның Dombyra time онлайн курсын Қазақстан халқынан бөлек, Орталық Азия, АҚШ, Еуропа елдерінің адамдары да оқып, домбыраға қызығушылық танытқан. Кейін пандемия аяқталғанда ол Алматыға көшіп келіп, курсын офлайн түрде де өткізіп, домбыра тарта алатындардың қатары көбеюіне үлес қосты.
Сонымен қатар ол өзінің курсына келушілерді шабыттандыру мақсатында Қазақстанның табиғи орындарында отырып домбыра тартқан сәтінен видеолар жариялап, әрі жерді, әрі қазақ өнерін көрсеткен. Қазір Толғанай желіде Dala sound атымен танымал. “Дала деген сөздің астарында көшпелі қазақ халқының мәдениеті жатыр” дейді ол. Ол домбырашы ретінде даланың үнін насихаттау парызым деп есептейді. Толғанай Алматы қаласындағы П.И.Чайковский атындағы музыкалық колледжде тәлім алған. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваторияның магистратурасын тәмамдаған.
Оған қоса Толғанай Хасен қазақтың тағы бір ерекше жанры – ортекені көрсету арқылы танылды. Ол өзінің ерекше қойылымында ортеке жанрын түсіндіре кетіп, заманауи құрал – әлеуметтік желі арқылы тағы бір құндылықты паш етті.
Ортеке дегеніміз – қуыршақ текені домбыра шерту арқылы билету өнері. Ол қазақтың дәстүрлі қуыршақ театрының бір түрі. Ағаштан ойылып жасалған, серіппелі механизм арқылы қозғалысқа келтірілетін ешкі бейнесіндегі қуыршақ ұлттық күйлермен бірге сахнада ерекше көрініс ретінде ұсынылады. Ортеке домбыра немесе қобыз тартылып жатқанда соның үнімен билейді. Әсіресе домбыра күйлері орындалғанда, қуыршақ ерекше ырғақпен билеп, музыкалық композицияның көрнекі жалғасына айналады. Күй мен ортекенің үндесуі көрерменнің эстетикалық әсерін күшейтіп, музыкалық қойылымға театрлық сипат береді.
Толғанайдың ортекені көрсеткен видеосына тамсанған халық көп болды. Алғаш көргендер қандай әдемі өнер деп таңғалса, бұрынннан таныс жұрт “өнерің өрге жүзсін” деп елдің дәстүрлі құндылығы мен мәдениетін танытқанына ризашылығын білдірді.
Зияткерлікті қазақ тілі арқылы насихаттап жүрген Teztap
“Тезтап” – Қазақстандағы танымал интеллектуалды ойын жобасы. Бұл жоба университеттер мен колледж студенттері, жас мамандар және жалпы зияткерлер арасында білімін сынауға арналған алаң. Мақсаты – жастардың ой-өрісін кеңейту, командалық рухты нығайту және қазақ жастарын интеллектуалды деңгейде қалыптастыру, сонымен қатар қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту. Себебі тезтап – тұтастай қазақша ойын. Әр апта сайын немесе түрлі шараларда арнайы ұйымдастырылатын тезтап кешінде ойын тек қазақ тілінде өтеді, сұрақтар, жауаптар, мысалдар, тіпті экраннан қойылатын фильм үзіндісі мен үзілісте қойылатын әндер де арнайы қазақша таңдалады. Ойындар бірнеше кезеңнен тұрады.
Сонымен қатар тезтаптың үстел ойыны бар. Ол балаларға да, ересектерге де бөлек бағытталған. Ал тезтаптың негізін қалаушы және идея авторы – жас кәсіпкер Дана Қамзабек.
Дана Қамзабектің Teztap жобасы – қазақша интеллектуалды ойын, қазіргі тілмен quiz ретінде кеңінен танылып келеді. Ойынның идеясы 2020 жылы карантин кезінде туған. Жоба қазақ тілінде көңілді әрі пайдалы ойын құру ниетімен жолға қойылған. Дана өзінің сұхбаттарында мұндай ойынның толық қазақша жасалуы, куиз ойындардың да қазақша ұйымдастырылуы өзі үшін маңызды болғанын айтады. Әу баста идея орысша куиздерді және сол жерде көп жұрттың жиналып отырғанын көргенде пайда болған. Қазақтың зияткер, саналы қоғамын қалыптастыруда мұндай интеллектуалды ойындар керек деп есептейді автор. Дана командасы туралы бір сұхбатта “Бізді біріктіретін фактор – қазақ тіліне деген махаббатымыз” деген еді.
Оның сөзінше, бастапқыда куиздердің көбі мемлекеттік тілде өткізілмеді. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін ол 2021 жылы алғаш рет TEZTAP жобасын ұйымдастырған. Ойын арқылы қазақ тілін қолдау мен ұлттық рухты жандандыруды басты бағыт етіп алған. Ол куизді қаланың интеллектуалды әлеуетін дамытатын алаң деп есептейді.
Тарихты түсіндіретін Нұрқожа Ерсайын
Нұрқожа Ерсайын – блогер. Ол көпшілікке әлеуметтік желідегі тарих туралы видеоларымен танылды. Соған қарап көбі оны “тарих ағай” атап кеткен. Нұрқожа блогында қазақша танымдық ақпарат беріп, көбіне видеоконтент жасайды. Ол мақсатым қазақтың тарихын жастар арасында насихаттау дейді.
Сонымен қатар Нұрқожаның негізгі жобасы – Derekkoz.kz парақшасы. Бұл жоба түркі халықтардың мәдениеті мен тарихын жастарға түсінікті әрі әсерлі етіп жеткізуге бағытталған. Парақша 2020 жылы ашылды, бүгінде оны 21 мыңнан аса оқырман оқиды.
Нұрқожаның негізгі мамандығы археолог, өзі түрлі археологиялық қазба жұмыстарына қатысқан, ғылыми жобалардың экспедиция мүшесі болған. Тіпті Біріккен Ұлттар Ұйымындағы жиында өзінің ғылыми жұмыстарын таныстырып, ұсынған. Блогер әлеуметтік желі арқылы тарих пен мәдениетті қолжетімді форматта насихаттайды.
Оның видеолары миллионнан аса қаралым жинаған: ең көп тарағаны – Абылай ханның портреті туралы ролик, ол 4 миллионнан астам рет қаралған. Контенті тек қазақ тілінде жасалады.
Өнертанушы Инара Аубакирова жастардың өз халқының құндылықтарын дәріптеуін болашаққа нық қадам жасауы деп түсіндірді.
“Жастардың қазақы құндылықтарды насихаттауы – рухани жаңғырып жатқанының көрінісі. Бұл әрекеттері арқылы олар мәдениетке жанашырлық танытып, болашаққа сенімді қадам жасап жатыр. Бұл – ұлттық өнер мен мәдениеттің үздіксіз эволюциясы, заманауи сахнаға, ортаға бейімделуі. Мысалы, жастар дәстүрлі құндылықтарды TikTok, Instagram, YouTube сияқты әлеуметтік желілерде көрерменге ұсынады. Мұны ескі мен жаңаның үндестігі деуге болады. Әр адам ұлттық болмысын насихаттауы арқылы ішкі қажеттілігімен шектеліп қалмайды. Сонымен қатар бұл әрекет сыртқы ортаға да өз ұлтын таныту тәсілі ретінде көрініс табады. Оларды біз этнофестивальдерде қазақтың киімін киіп, күйін тартып, ұлттық ас мәзірін танытып жүрген жастардан байқай аламыз. Олардың қазақ өнерін, жыр-термелер мен айтысты өз қатарластарына жеткізе білгені ұлттық тәрбиенің қанға сіңіп кеткенінің айғағы”, – деп пікір білдірді өнертанушы.
Жастардың мұндай әрекеті еліне, жеріне деген шынайылығынан туады дейді өнертанушы.
“Ұлттық құндылықтарды сақтау мен таныту әр жастың өз еліне деген шынайы көзқарасынан туады. Ұлттық құндылықтарды насихаттауымыздың маңызы – ұлт ретінде жоғалмау, ата-бабадан қалған мұраға ие болып қалу және оны әрқайсысы өзіне ыңғайлы қылып бұрмаламай, таза күйінде келесі ұрпаққа жеткізу. Құндылықтарымыз ескі, көне, заманға сай емес деп елемей, ескі мен жаңаны ұштастыра білу керек. Құндылығын жоғалтқан ұлт мақсаты мен мәнісін жоғалтқан тобырға тең болады”, – деп пікір білдірді Инара Аубакирова.

Қостанайда Ресей флотының мерекесі тойланды: Әкімдік шарадан хабарсыз болған
