Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Кинематографистер одағы "Қазақфильм" басшылығының қаржылық заңбұзушылық жасағанын айтты

киностудия төңірегінде дау шықтыФото: Видеодан скрин

Еліміздің кинематографистер одағы "Қазақфильм" киностудиясының басшылығы қаржылық заңбұзушылық жасағанын мәлімдеді. Олар бюджеттік есепте қателіктер барын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

"Қазақфильм" киностудиясының төңірегінде жанжал шықты. "Қазақстан кинематографистер одағы" қоғамдық ұйымының мүшелері басшылықтың киностудия балансындағы жылжымайтын мүлікті сатып жатқанын айтты. Рысқұлова 101 мекенжайында орналасқан ғимарат бұрын "Қазақфильмнің" балансында болса, қазір жеке меншікке өтіпті.

"Қазақфильм" киностудиясына тиесілі ғимарат 2024 жылы 16 ақпанда сатып алу-сату шартымен сатылып кеткен екен. Мәміле жасалып, сатылып кеткен. Алайда оның жаңа иесі кім екенін белгісіз. Бұл аумақты “Ақ үй” деген компания сатып алды, деген әңгіме шықты. Бұл жерде екі қабатты ғимарат орналасқан, ол "Қазақфильмге" табыс әкеліп отырған”, – деді одақтың басқарма төрағасы Адай Әбелдинов. 

Ал тәуелсіз сарапшы Гүлжан Сазанбаева соманың сметада көрсетілген есеппен сәйкес келмейтінін мәлімдеді.


"Қазақфильм" жер телімінің сатылғаны және кіруге бақылаудың күшейтілгені туралы ақпаратты жоққа шығарды


"Қазақфильм" алдағы уақытта жабылуы мүмкін бе – Министр Аида Балаева жауап берді


“Біз жүргізген тексеріс нәтижесі бойынша көрсетілген сома расталмайды, тиісті құжаттар жоқ. Мысалы, шығындар мен қызмет көрсету баптарын алайық. Есепте 40 миллион теңге деп көрсетілген, ал іс жүзінде бар болғаны 2 миллион теңге жұмсалған. Сонда қалған сома қайда? Ал министрлікке 100 пайыз орындалды деп есеп тапсырылған”, – дейді тәуелсіз аудитор.

"Қазақфильм" киностудиясы тағылған айыптарға қатысты пікір білдірді. Олар қоғамдық ұйымдардың ақпаратты бұрмалағанын хабарлады.

“Рысқұлова 101 мекенжайындағы ғимарат киностудия балансында екенін хабарлаймыз. Бұл бірыңғай Egov жүйесінің сертификаттарымен расталады. Ғимарат сатылған жоқ. Ал қаржылық сәйкессіздіктер мәселесіне келсек, бұл сұрақ бізге түсініксіз, себебі спикер Гүлжан Сазанбаева нақты қандай айырмашылықтар мен заңбұзушылықтар туралы айтып отырғанын ашық жеткізбеді”, – деді “Қазақфильм” өкілі. 

Қазір "Қазақфильм" киностудиясы жала жабу бойынша арыз түсіріп, соттасуға дайындалып жатыр екен.

Еске салайық, бұған дейін “Қазақфильм” қызметкерлері еңбекақы алмай жүргендеріне бір жыл болғанын айтып, бейбіт шеруге шықты.Аниматор мамандар киностудия басшысы Азамат Сатыбалдыдан соңғы бірнеше жылғы еңбегінің ақысын талап етіп отыр. 

Жұмаділлә Нұрила
Жұма, 22 Тамыз, 2025 09:57
Талқылау