Қазақ тойларының сәнін келтіріп жүрген хит әндер
Сонау заманнан бері қуанышын халықпен бөлісіп, отыз күн ойын, қырық күн тойын тойлаған қазақты тойсыз елестету мүмкін емес. Тіпті той дегенде еске сап ете түсетін әншілер мен қазақтың хит әндерінің тізімі жасақталып қалды. Кезекті материалымызда тойда орындалып жүрген хит әндерді назарларыңызға ұсынамыз.
Эстрададағы әншілеріміздің той мен шоу бизнес болып бөлінетіні ешкімге жасырын емес. Шоу бизнестегі әншілер көгілдір экраннан жиі көрінсе де, той бизнестегі әншілердің олардан кем қаламақы алмайтыны анық. Өйткені тойда өнер көрсеткені үшін орташа есеппен 3000 доллар көлемінде ақша сұрайды.
Тойға жиі шақырылатын әншілердің бірі – Асхат Тарғын. Көп қыздың арманы болған Асхат мырзаның “Мария арман едің” әні тойда хит болып жүр. Бастапқы кезде әнші бір түнде 7-8 мейрамханаға баруына тура келген сәттері жайлы жиі айтатын. Қазір той науқаны болмағандықтан әнші аздап демалып жүр екен.
“Әнді ұрламаймын, оны тек көшіремін” дейтін әншіні халық сүйіп тыңдайды. Өйткені қазақ тойларында Ернардың тек бір емес, бірнеше әні хит болып үлгерген. Олар – “Жарай ма”, “Жарығым-ай”, “Гүлдейсің”, “Қайран жеңгем” сынды әндер. Кейде той иелерінің өзі хабарласып, “Қайран жеңгем” атты әнді орындап жүргені үшін алғыс айтатын көрінеді.
Былтыр халық әртісі Роза Рымбаева “сауатсыз ән” деп сынаған “Аспанға қараймын” деген әнге бола Абай Бегей жерге қарап қалған-ды. Неге екені белгісіз артынша Рымбаева аталған әнді депутаттармен бірге орындап шықты. Жасы үлкендердің сынына ұшыраған бұл ән бүгінде хитке айналып, әр тойдың сәнін келтіріп жүр.
Тойдағы қуаныш иесі әннің кімдікі екенін талғамайтыны рас. Бар болғаны, халықтың көңілін көтеріп, би ырғағына келсе болғаны. Көрші ағайындардан ұрланған “Қызыл өрік” әні бұрынғыдай болмаса да, тойлардан еміс-еміс естіліп жүр. Оны Ақылбек Жеменей орындаған-ды.
Қайрат Баекенов пен “Формат” тобы орындайтын “Махаббат” әнінің де орны ерекше. Бір тойда бір емес, бірнеше рет қосылатын кездері болады.
Халықтың көңілінен шығып, шырайлы Шымкент тойларының сәнін келтіріп жүрген “Ақ маржан” әнінің де өзіндік орны бар. Заттыбек Көпбосыновтың әні дәл қазір екінші қатардағы хит әндердің қатарын толықтырса да, тыңдармандарын жалықтырған емес.
Соңғы жылдары қазақ эстрадасына өзіндік жаңа леп әрі тосын стиль алып келген дарынды Серік Ибрагимовтың әсем әндері мен қолына саксофонын ұстап орындайтын туындыларына да халық үйреніп қалды. Тойшыл қауым оның “Тфәй-тфәй” мен “Жаяу” атты әндерін сүйіп тыңдайды.
Халық эстрадаға келгеніне аз уақыт болса да, өнеріне тәнті еткен бұл жігіттің кез келген әнін тыңдауға әзір. Десе де Төреғали Төрәлінің “Бол жанымда” атты әні ең көп сұранысқа ие екен.
Диета.кз тобындағы жігіттердің салмағы ауыр екенін бәрі білетін болар. Бірақ әндері өздеріндей емес, құлаққа жеңіл естіліп, еріксіз би билеуге шақырады. Халыққа танытып қана қоймай, тойда жиі қосылатын әндері “Шынар-ау” деп аталады.
Халықтың сүйіктісіне айналған Қайрат Нұртасты да осы күнде іздеп жүріп тыңдайтын адамдар көп. Әншінің гастрөлдік сапар мен тойда өнер көрсетуден қолы тимей, ұшақтан тұспейтін кездері де болады екен. Көбінесе “Алматы түні” атты әні сұранысқа ие. Бұл ән алғашында өнердегі, өмірдегі қарындасы Ақерке Тәжібаеваныкі болса да, Қайрат Нұртас орындаған соң ғана танымалдылыққа ие болған.
Естеріңізде болса, осы уақытқа дейін Алау тобының басы “Гүл әпше” атты әнге бола дауға қалып, аталған бейнебаян Гәкку арнасынан алынып тасталғаны туралы жазған болатынбыз. Десе де тыңдармандарын жоғалтқан жоқ. Әсіресе Шымкент қыздары сүйіп тыңдайды. Көпшілік тіпті мұның тек тойға арналып жазылғанын да айтқан болатын.