Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақ тілін үш айда үйренген Ұлыбритания елшісі Наурыз мейрамымен қазақ тілінде құттықтады

Осымен бірнеше жыл қатарынан Ұлыбританияның Қазақстандағы елшісі Кэролин Браун қазақстандықтарды Наурыз мерекесімен қазақ тілінде құттықтады. Ұлыбритания елшісі үш айдың ішінде қалайша қазақ тілін үйренгенін айтып берді.

Қазақ тілін үш айда үйренген Ұлыбритания елшісі Наурыз мейрамымен қазақ тілінде құттықтады

Ұлыбритания елшісі Қазақстанға алғаш келгенде Наурыз сөзін Новруз деп айтып жүрген. Қазақстандықтар елшінің әр кезде оның дұрыс айтпайтынын еске салып, Наурыз деп айтып үйреткен.

«Мен министрлік жетекшілігіне өзімнің үш ай ішінде қазақ тілін үйренетінімді айтып сендірдім. Бұл уақытта түбегейлі тілді меңгеру мүмкін емес. Алайда, сөйлей алмағаннан гөрі біршама үйренуге болады. Бастапқыда Лондонда тұратын қазақ мұғалімдерімен жұмыс істедім. Оның бірі қызылордалық, бірі қарағандылық болды. Сондықтан екеуінің тілінен айырмашылық байқауға болатын еді. Әсересе, “к”, “қ”, “ы”, “і”» әріптерін үйрену оңайға соққан жоқ. Мұғалімім ғарыш, ғылым сөздерін мысалға келтірді.  Кейін 4 жыл жұмыс істеу барысында «ғылым» мен «ғарыш» саласына жоламауға тырысып жүрдім (күледі)», – дейді елші.

«Маған Наурыз мерекесі қатты ұнайды. Біріншіден, бұл керемет мезгіл, екіншіден, жер жаңарып, күн ұзарады. Ел бір-бірінің үйіне қонаққа барып, дәмді тағамнан ауыз тиеді. Былтыр Әйгерім есімді қыз Көрісу мерекесі жайлы айтып берді. Әсіресе, батыс қазақстандықтар Наурыз мерекесін ерекше тойлайды. Британдықтар жылқы етін жемейді. Сіз Лондон көшесінен бір британдықты тоқтатып, жылқы етін ұсынсаңыз, ол қатты таңғалатын еді. Бірақ мен Қазақстанда тұрып, жылқы етін жеп үйрендім. Өйткені оның пайдалы, құрамында холестерині аз, дәмі тіл үйірер тағам екенін білем. Өзім британдық болсам да, қазақтар секілді жылқы етін жеймін», – дейді ол.

Ұлыбританияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Кэролин Браун барша қазақстандықтарды Наурыз мерекесімен қазақ тілінде құттықтады.


 

Талқылау